Петропавлда халықаралық көлік-логистикалық кешен салу жоспарланған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - KYZYLZHAR HUB халықаралық көлік-логистикалық кешенінің құрылысына 29 млрд теңгеден астам инвестиция құйылмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба аясында тауарларды сақтау, өңдеу және таратуға арналған заманауи инфрақұрылым пайда болады. Оның ішінде Ozon және Alibaba сияқты ірі электрондық сауда алаңдарының тауарларымен жұмыс істеуге арналған нысандарды да құру көзделген.
Болашақ кешеннің жалпы аумағы 102 мың шаршы метр болады. Мұнда азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды сақтауға арналған мамандандырылған қоймалар, жүктерді қайта тиеу аймақтары, сондай-ақ кеңсе ғимараттары орналастырылады.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов осы жобаға қатысты Royal Investment International компаниясының құрылтайшысы Марат Салиховпен келіссөздер жүргізді. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар жобаның тұжырымдамасын таныстырды. Кездесу барысында оны іске асыру мүмкіндіктері мен өңірдің логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Мамандардың айтуынша, СҚО - географиялық орналасуы жағынан бұл бағытта бірқатар артықшылықтарға ие. Өңір аумағы арқылы Ресейді Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа елдерімен байланыстыратын автомобиль және теміржол бағыттары өтеді.
Осы бағыттағы жұмысты дамыту мақсатында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында көлік-логистикалық нысандарды орналастыруға арналған №8 қосалқы аймақ құрылды. Қазіргі уақытта оны дамыту бойынша бас жоспар әзірленіп жатыр.
KYZYLZHAR HUB жобасының жүзеге асырылуы өңірге қосымша инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын көлік дәлізін дамытуға ниетті екенін жазған едік.