Петропавлда иесіз жатқан 300 саяжай учаскесі қала тұрғындарына тегін берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бау-бақша қауымдастықтарының төрағаларымен кездесу ұйымдастырылып, саяжайшылар үшін өзекті мәселелер көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда иесіз жатқан 300 саяжай учаскесі қала тұрғындарына тегін берілді

Петропавл әкімі Болат Жұмабековтің мәліметінше, облыс орталығы аумағында 173 бау-бақша серіктестігі бар. Былтыр жүргізілген тексеру жұмысы барысында мемлекеттік меншікке 300 учаске қайтарылды, олар өтініш жазған қала тұрғындарына тегін үлестірілген.

Бұдан басқа 700 учаске иесіз жылжымайтын мүлік ретінде есепке алынды, бұл саяжайлар бір жыл мерзім өткеннен кейін сот тәртібімен коммуналдық меншікке қайтарылады.

«Кездесу барысында бағбандар саяжай маусымы басталысымен кіреберіс жолдарды жөндеу және тегістеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бау-бақша серіктестіктеріне автобустар жіберіп, электр және сумен жабдықтау, қосымша бейнекамералар орнату, қоқыс шығару, нөсер кәріздерін тазарту сияқты мәселелер талқыланды», - дейді қала әкімі.

Петропавлда 96 бау-бақша серіктестігі сумен қамтамасыз етілген. Су арнайы кесте бойынша беріледі. Ал 90 серіктестікке жарық тартылған. Маусым басталар алдында саяжайға кіреберіс жолдарды грейдерлеу жүргізіледі. Биыл бекітілген кестеге сәйкес, 19 бау-бақшада жолдар жөнге келтірілмек.

Сондай-ақ, қала әкімдігі бағбандардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, автобус бағыттарының қозғалыс кестесін әзірледі.

Саяжайға баратын автобустар 1 мамырдан бастап жолға шығып, 30 қыркүйекке дейін жүреді. 13 бау-бақша бағытын қамтымақ.