Петропавлда инклюзивті спорт орталығының құрылысы тоқтады: алаңнан адам сүйектері шығып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Құрылысы басталған спорт нысанының орнында бұрын ескі зират болғандығы анықталды.
Құрылысқа жақын маңдағы шіркеу қызметкері Антоний Шувакиннің айтуынша, қала тұрғындары қыркүйек айының басынан ғибадатханаға адам сүйектерінің бөлшектерін әкеліп тапсыра бастаған. Кейін өздері барып құрылыс аумағын көргенде, жерлеу орындарын және табыт сынықтарын тапқан.
— Құрылыс жұмыстары 11 қыркүйектен бастап тоқтатылды. Өйткені адам сүйектері өте көп табылып жатыр. Кейбірінің қаңқасы тұтас сақталған. Олардың арасында балалардың да сүйектері бар. Кейбір жерлерден ағаш табыттардың тақтайлары, шегелер, крест және басқа да бұйымдар шықты, — дейді Антоний Шувакин.
Құрылыс барысында жердің жоғарғы қабатында жатқан сүйектер арнайы техниканың әсерінен топырақ бетіне шығып қалған. Қазір еріктілер оларды жинап, құқық қорғау органдарына тапсырып жатыр.
Аумақтан әр кезеңге тиесілі болуы мүмкін түрлі заттар да табылған. Олардың арасында түйме, монеталар бар. Мәселен, бір қабірден 1924 жылғы бес тиын шыққан.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бұл жерде христиандардың зираты болған. Қалада құрылыс қарқын алғандықтан оны жабуға тура келіп, үстінен ғимараттар тұрғызылған. Қазіргі құрылыс алаңында да жас натуралистердің станциясы орналасқан екен.
Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, инклюзивті спорт орталығы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынып жатыр. Орталық қаланың аумағында орналасқандықтан, адам сүйектері табылған жағдайда оларды қайта жерлеу жұмыстарымен Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі айналысады.
— Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мердігер құрылыс кезінде адам сүйектерін тапқан жағдайда бұл туралы полицияға хабарлайды. Одан кейін полиция тиісті рәсімдерді жүргізеді. 21 қыркүйекте полиция табылған сүйектерді қайта жерлеуге қаулы шығарып, рұқсат берді. Енді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты мердігер адам сүйектерін алып, қайта жерлеу жұмыстарын жүргізеді, — дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
Адам сүйектері Жұмысшы кентіндегі қалалық зиратқа жерленбек.
Полиция да тиісті жұмыстарды қолға алды.
— Құрылыс барысында адам сүйектерінің табылғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған кезде бұл аумақта жерлеу орындарының бар екені анықталды. Сүйек қалдықтары ағаш табыттардың ішінен табылған.
Сонымен қатар, осы аумақтағы зиратқа қызмет көрсету үшін жақын маңдағы шіркеудің салынғаны анықталды. Зираттың нақты шекарасын белгілеу үшін мемлекеттік архивке тиісті сұрау жолданды.
Еріктілер қазып алған адам сүйектері шіркеуге жиналып жатыр. Шіркеу талаптарына сәйкес оларға діни рәсім жасалып, кейін бұл сүйектерді қайта жерлеу туралы қаулы шығарылды, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Рауфат Қалау.
Бұған дейін СҚО-да құм карьерінен екі адамның және мұз дәуіріндегі мүйізтұмсықтың сүйектері табылғанын жазған едік.