Петропавлда IV «Ақ бидай» ауылдық спортының ойындары өтеді
АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Петропавл қаласында шілденің 24-27 күндері ІV «Ақ бидай» ауылдық спортының ойындары өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясына сілтеме жасап.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорттық күнтізбесіне кіретін бұл байрақты бәсеке Үкімет басшысының мамырдың 15-індегі «Республикалық және халықаралық бұқаралық-спорттық іс - шараларды дайындау және өткізу туралы»№71-р өкіміне сәйкес өтеді. Төрт жылда бір болатын бұл жарыстың бағдарламасына спорттың 19 түрі еніп отыр. Олар - волейбол, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жүзу, жазғы Президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, кір спорты, армрестлинг пен көкпар, аламан бәйгі, жорға жарыс, аударыспақ, сайыс сияқты ұлттық ат спорты ойындары. Футбол, кір спорты мен қазақ күресінен басқа спорт түрлері бойынша өтетін сайысқа ерлер де, әйелдер де қатысады. Алғашқы кезеңде бұқаралық жарыстар дене шынықтыру ұжымдарында, екінші кезеңде аудандық және қалалық деңгейде, үшінші кезеңде облыстық, ал төртінші кезеңде ақтық сындар өтеді.
Павлодар қаласында шығыс аймағынан - Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары, Атырау қаласында батыс аймағынан - Маңғыстау, Ақтау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары, Қызылорда қаласында оңтүстік аймағынан - Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысы, Қостанай қаласында солтүстік аймағынан - Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары өзара күш сынысады. Ақтық ойындарда, солтүстік, шығыс және оңтүстік аймақтарда бірінші орын, ал батыс аймағында 1-2 орынды иеленіп аймақтық жарыстарда үздік шыққан командалар кездеседі.