Петропавлда қабырғасы құлаған үйдің тұрғындарына пәтер берілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Осыдан бір ай бұрын қабырғасы құлаған апатты үйдің тұрғындарына пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маусым айының басында Орал көшесі, 3 үйдің қабырғасы құлап түсті. 1950 жылдары салынған үй 2014 жылы апатты деп танылған. Онда 8 пәтер бар, 5 отбасы тұрып жатқан. Барлығы уақытша баспаналарға көшірілді. Жаңа үй алуға кезектері жылжығанша осы үйлерде тұра береді.
Азаматтардың ресми қабылдауында қала басшысы Марат Тасмағамбетов облыс әкіміне 40-50 үйден тұратын қор ашу туралы ұсыныс білдірді. Олар осындай жағдайларда халықты шұғыл көшіру үшін қажет. Сондай-ақ, Петропавлдың әкімі үйлері апатты болып танылған тұрғындарға арналған 93 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына қажет жобалау-сметалық құжаттаманың әзір екенін жеткізді.
«Екі жекеменшіктегі құрылыс компаниялары бұзуға кететін апатты тұрғын үйлердің орнына жер үйлерді салуға ниет білдірді. Біз қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алушы едік. Ал олар құрылысқа қажет қаражатты өз қалталарынан шығармақшы. Бағаларында қатты айырмашылық жоқ. Енді қайталама нарықтағы емес, жаңа үйлерге қол жеткізе аламыз. Комиссиясға жер телімдерін берсін деп өтініш тастаймыз», - деді М.Тасмағамбетов.
Петропавлда 19 үй апатты жағдайда тұр. Онда 180 жанұя қоныстанған.