Петропавлда кәсіпкерлерге арналған қызмет көрсету орталығы ашылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат –Петропавлда бизнеске қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, құжаттарды қабылдау облыс әкімдіктерінің алдын ала ұсынған тізіміне сәйкес жүзеге асырылады. Ол тізімге несиелеу бойынша оң шешім алған ұйымдар кіреді. Бұл орталық тек бизнеске қызмет көрсету үшін ғана жұмыс істейді. Облыс тұрғындары мемлекеттік қызметтерді бұрынғысынша онлайн түрде ала береді.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 87% электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты, Facebook және Vk әлеуметтік желілерінің чаттары арқылы алуға болады», - дейді баспасөз хатшысы Ерназар Нұрғалиев.
Мемлекеттік қызметті сапалы алу үшін кәсіпкерлер тиісті құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында маска режимін сақтау керек. Санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай филиал қызметкерлері де маска мен қолғапта жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін ХҚО Петропавлдағы Әуезов көшесіндегі 157 үйде орналасқан. Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-17:00 аралығында жұмыс істейді.
Бұған дейін дәл осындай ХҚО Алматы мен Павлодар қалаларында ашылған еді.
Жақында облыстық штабтардың шешімімен заңды тұлғаларға қызмет көрсететін орталықтар Қазақстанның өзге қалаларында да ашылмақ.