Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жаңадан салынады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жасыл-желекке бөленген, суы-нуы мол Солтүстік Қазақстан облысында да шешімін күткен экологиялық мәселелер жеткілікті. Мәселен соңғы жүргізілген мониторингке сәйкес Петропавлда атмосфералық ауаның ластану деңгейі артып, ауада күкіртсутек мөлшері жоғары болған. Облыстық экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиев өңірдегі жағдайға қатысты тілші сұрағына жауап берді.

– Талғат Мәлікұлы, өңірдегі қандай экологиялық мәселелер жедел шешілуі тиіс?
– СҚО-дағы негізгі экологиялық проблемаларды тізіп айтар болсам, олар: өңірде пайдаланылған уран кен орындарының болуы, Петропавлдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының пайдалану мерзімінің бітуге жақын қалуы. Облыс аудандарында ресімделген, заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы, стихиялық полигондардың қалыптасуы. Бұдан бөлек, облыста кәріз желілері мен тазарту құрылыстары тозған. Ал аудан орталықтарында кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстары мүлде қарастырылмаған.
Тағы бір мәселе – Петропавл қаласы бойынша атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластануы. Облыс аудандарындағы қазіргі ҚТҚ полигондарының ресімделмеуі, яғни заңсыз жұмыс істеуі – бұрыннан қалыптасқан проблема. Сондый-ақ рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің жиі пайда болуы негізгі проблемалардың бірі болып отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасына 7 бағыт бойынша 15 іс-шара енгізілді, олардың бірі осы қоқыс мәселесіне қатысты. Жол картасына аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру және жаңа полигондарын салу жобалары енгізілді.

Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралды. Қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигондарын салуға қатысты Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі отырысының 2023 жылғы 15 мамырдағы хаттамасына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигондарын салу және жұмыс істеп тұрғандарының аумағын кеңейту, сондай-ақ оларды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы жоспарға сай облыс аудандарында 8 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша, облыс аумағында ҚТҚ төгетін 450 нысан бар, оның 352-сінде ғана жер актілері ресімделген. Бүгінгі таңда 11 полигонның ғана рұқсат құжаттамасы бар.

Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мәліметтері бойынша, өңірде қалдықтарды орналастырудың 171 орны анықталды, оның 116-сы заңсыз пайда болған қоқыс үйінділері, 55-інде қоқыс белгіленген шекарадан шығып кеткен. Бүгінгі күні 94%-ға жойылды. Соның ішінде шекарадан шығу 100% қалыпқа келтірілді. Статистикаға сүйенсек, атқарылған жұмыстың нәтижесінде олардың саны азайып келеді, мәселен 2021 жылы осындай 366 жағдай анықталған.
Заңсыз қоқыс орындарын жою жөнінде тиісті шаралар қолданбағаны үшін биыл 8 ауылдық округ әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Жаңа сөзіңізде 2025 жылы Петропавлдағы «Қызылжар тазалық» ЖШС тұрмыстық қалдықтар полигонының пайдалану мерзімі аяқталатынын айттыңыз. Мәселе қалай шешілмек?
– Полигонының жобалық қуатын ескере отырып, қолданылу мерзімін келер жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарттық.
Қазіргі бұл полигон экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді. Сондықтан жаңа полигон салу қажет.
Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сүйенсек, Петропавл қаласына жаңа полигон салу үшін жер учаскесі анықталды, оған жылжымайтын мүлік нысанының кадастрлық паспорты алынды.

– Ауа бассейнінің ластану деңгейі бойынша СҚО республика бойынша қай орында тұр?
– ҚР Экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, заңды тұлғалар, сондай-ақ қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы ақпарат өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер береді.
Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ай сайынғы ақпараттық бюллетеньдерді Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет есепті айдан кейінгі айдың 17-сіне дейін жариялайды. Яғни ауа бассейнінің ластану деңгейіне қатысты ақпаратты «Қазгидромет» РМК ресми сайтынан немесе ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтынан көре аласыз.
Биылғы қазан айына қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетеньге сәйкес Петропавлда атмосфералық ауасының ластану деңгейі артты, ауада күкіртсутек мөлшері көтеріңкі болған. Атмосфералық ауаның өте жоғары ластану жағдайлары тіркелмеді.

Республика бойынша атмосфералық ауа ластануының өте жоғары деңгейіне 6 елді мекен; 11 елді мекен жоғары ластану және 28 елді мекен, оның ішінде Петропавл қаласы да бар, көтеріңкі ластану деңгейіне, 25 елді мекен ластанудың төмен деңгейі жатады.
Петропавлда «Қызылжар су» ЖШС қарайтын «Биотоған» сарқынды су жинақтағышы қаланың атмосфералық ауасының күкіртсутегімен ластануының негізгі көзі болып есептеледі.
2017 жылдың тамыз айынан бастап кәріз тазарту қондырғыларына түсетін ағынды сулардағы бөлшектерді жоюға бағытталған механикалық тазарту іске қосылды. Механикалық тазарту кезінде ағынды су тоғанда тұну және булану процесінен өтіп, биологиялық тазаруға әзірленеді. Толық тазарту схемасы іске қосылғаннан кейін қала аумағына күкіртсутек иісі таралуы айтарлықтай төмендейді.

Осы мәселені шешу мақсатында 2021 жылдың тамыз айында «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС «Биотоған» жинақтағышындағы сарқынды суды хлорелла жасыл микробалдырының көмегімен тазартуды бастады.
Бұдан бөлек департамент Петропавлдағы және облыстағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймағы шекарасында аспаппен атмосфералық ауаны тұрақты негізде өлшейді. Бұл кәсіпорындардың шығарындыларының атмосфералық ауаға әсерін анықтау мақсатында жүргізіледі. Биыл шекті рұқсат етілген шоғырлану деңгейінен асып кету фактілері анықталған жоқ.
– СҚО-да қанша кәсіпорын эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізуі тиіс, қазірдің өзінде қандай жұмыс атқарылды?
– Солтүстік Қазақстан облысының аумағында I санатқа жататын, яғни қоршаған ортадағы эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін орнатуы тиіс үш нысан бар. Олар: шығарындылар, төгінділері бар «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, «Қызылжар су» ЖШС және «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» кәсіпорны.
Қазіргі уақытта «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ 2-Жылу-электр орталығының №3 түтін мұржасына автоматтандырылған жүйені орнатты. Деректер «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын Есіл өзенінде ағынды суларды ағызу көзіне осы жүйені орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Кәсіпорын жобалық-сметалық құжатты әзірлесімен келесі жылдың наурызына дейін талапты орындайды.
Ал қалған екі кәсіпорын бойынша сулар ағызу көздеріне жүйені орнату үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.
Экологиялық бақылау құралдары улы шығарындылар концентрациясын бақылап, талдау нәтижелерін автоматты түрде реттеуші органдарға жіберуге мүмкіндік береді.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату шығарындылар көрсеткіштерін қадағалап қана қоймай, қажет болған жағдайда технологиялық режимді түзетуге көмектеседі.
– Өңірдегі кәріз желілері мен тазарту құрылыстарының тозуы, сондай-ақ аудан орталықтарында тиісті кәріздік тазарту құрылыстарының болмауы мәселесі қалай шешіледі?
– Қазіргі уақытта облыстағы шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде кәріздік желі жоқ. Бүгінгі таңда 13 аудан орталығының тек төртеуінде - Новоишимское, Явленка, Бескөл, Саумалкөлде ғана кәріздік желі бар. Олардың барлығы Кеңес заманында салынған, сондықтан тозығы жеткен. Ал кәріз тазарту құрылыстары Саумалкөл ауылында ғана бар. 1982 жылы салынған нысан бүгінде қайта жаңғыртуды қажет етеді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат дайын. Жобаны одан әрі іске асыруға бюджеттік өтінім берілді.
2018 жылдың тамыз айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу жобасы қолға алынды. Бүгінде нысан салынып бітті, қазір іске қосу-реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл іске қосу-реттеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 39,5 млн теңге бағытталды. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал Петропавлдағы кәріз ағындарын тазарту мәселесін шешу мақсатында 2005 жылдан бастап осы күнге дейін «Қызылжар су» ЖШС кәріздік тазарту құрылысы техникалық қайта жарақтандырылып жатыр.
«Қызылжар су ЖШС өз күшімен аула желілері мен көше коллекторларын ауыстырып жатыр. 2023 жылы 2,1 км кәріз коллекторын жаңғырту және күрделі жөндеу жұмысына 81,8 млн теңге қаржы жұмсалды, биыл жалпы ұзындығы 1,6 км коллекторға күрделі жөндеу жүргізілді.

– Аймақта қоқыс өңдейтін кәсіпорындар бар ма?
– Бүгінгі таңда СҚО аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 5 кәсіпорын бар.
Өңірде 2018 жылы құрылған «Радуга» ЖШС металл-пластик бұйымдар шығарады. Бұл полимерлерді қайта өңдеудің толық циклы бар өндірістік компания, жобалық қуаты жылына 4 мың тонна. Негізінен пластмассадан шаруашылыққа қажет бұйымдарды - шелектер, бассейндер, құбырлар, кілемшелер, ілгіштер, қасықтар және т.б. шығарады. Шикізатты және дайын өнімді Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейге экспорттайды.
2022 жылы «Радуга» ЖШС қоқыстағы қағаз-макулатурадан майлықтар, қағаз сүлгілер, дәретхана қағазы және офистік қағаз сияқты барлығы 20-ға жуық бұйым түрін шығаратын фабриканы ашты. Зауытта өндірістің толық циклі және қағаз өндірісіне қажетті суды пайдаланудың тұйық циклі бар, тазарту қондырғылары орнатылған.
2019 жылдан бастап «Green Park Kokshetau» ЖШС қолданылған ПЭТ-бөтелкелерді түйіршікке айналдыратын кәсіпорынды ашты, жылына 3000 тоннаға дейін өңдейді.
2016 жылдан бастап «Петропак» ЖШС қайталама полимерлерді – түрлі орау пленкасын қайта өңдеп, құрылыс кезінде гидрооқшаулауға арналған техникалық, термо пленканы, логотипі бар пакеттерді, техникалық майларға арналған пластик бөтелке мен ыдысты, бөтелке қақпақтарын және т.б. шығарады. Жылына 300 тоннаға дейін полимерлерді қайта өңдеуге қауқарлы.
Ал 2015 жылы ашылған «Soltustik Rubber Recycling» ЖШС және 2021 жылы іске қосылған «Компания шин line» ЖШС пайдаланылған автомобиль шиналарын резеңке үгінділерге айналдырып, қауіпсіз резеңке плиткалар мен төсеніштерді, балалар алаңдарына арналған қауіпсіз жабындарды шығарумен айналысады.