Петропавлда қаздардың жарысы өтеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда «Auyl fest. Қаз өсіру шаруашылығы» атты халықаралық этномәдени фестиваль өтпек.

қаз
Фото: pixabay.com

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған іс-шара 5 сәуірге жоспарланған. Фестивальдің бағдарламасы ауқымды, бұл күні Мажарстан, Татарстан, Башқұртстан және басқа да елдерден келген және қазақстандық жетекші қаз өсірушілер және сарапшылар форумға қатысып, тәжірибелерімен бөліседі. Кейін Н.Погодин атындағы облыстық драма театры алаңында асыл тұқымды қаздардың көрмесі өтеді. 

Сондай-ақ жергілікті және шетелдік аспаздар қаз етінен дәмді тағам әзірлеп жарысады. 
Ал қаздардың жарысы фестивальдің көрігін қыздыра түспек.

Бұл бастама — «Ауыл» партиясыныкі.

— Халықаралық этномәдени фестивальді ұйымдастырудағы мақсат — халықтың назарын қаз шаруашылығына аударту. Солтүстік Қазақстан облысында құстың бұл түрін өсіруге жағдай қолайлы. Көлдерге бай, шөбі шүйгін. Қазір ресми емес мәлімет бойынша, өңір жылына небары 1,2 млн ғана осындай құс өсіреді. Бұл аз. Арнайы фермалар жоқ, — дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Әл Фараби Мыңбай.

Бұл күні қаз балапаны да 1,5 мың теңгеден сатылмақ.

— Балапан жарты жылда жетіледі. 1,5 мың теңгеге алып, бір данасын 15 мың теңгеге сатуға болады. Мысалы биыл қыста көтерме бағамен алушылар оның келісін 2,8 мың теңгеден алды. Базарда 3,5 мың теңгеден тұрды. Желтоқсан айында құс етіне сұраныс күрт артады. Етінен ғана емес, мамығынан да пайда көруге болады. Петропавлдағы фирма оның келісін 10 мың теңгеден алады, ал ресейліктер келіп 12 мың теңгеден әкетеді екен, — дейді Әл Фараби Мыңбай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаздар жарысы алғаш рет өткізілетін болғандықтан, оны қалжың деп қабылдап, сенімсіздік танытып жатқандар көп екен. Әзірге 16 қаз иесінен ғана өтініш түскен. 

— Қазымен келіп қатысқандарға 10 мың теңге береміз. Ал егер жеңіске жетіп жатса, бірінші орын үшін 75 мың теңге, екінші орынға 50 мың теңге, үшінші орынға 25 мың теңге сыйақымыз бар. Жарыстың өз тәртібі бар, қазды мәреге тез жетуі үшін ұруға болмайды, — дейді Әл Фараби Мыңбай.

Бұған дейін СҚО студенттері «Серпінді» насихаттауға оңтүстік облыстарға аттанғанын жаздық.