Петропавлда қылмыс көрсеткіші 23 пайызға төмендеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 2023 жылдың қорытындысы бойынша СҚО облыс орталығында тіркелген қылмыстардың жалпы көрсеткіші 22,8% пайызға төмендеді. Осындай ақпаратты қала тұрғындарына Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев 2023 жылғы Полиция басқармасы жедел-қызметтік қызметінің қорытындыларына арналған есептік кездесу барысында айтты.
Оның айтуынша, ұрлық саны — 30,2 пайызға, оның ішінде пәтер ұрлығы — 29,5%, тонау 16,2% азайған.
«Қылмыс көрсеткішінің оң динамикасына жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар, түнгі уақытта халыққа қызмет етін автопатрульдер санының артуы, ойын-сауық мекемелерінде жүргізілген профилактикалық жұмыстар әсер етіп отыр. Көшедегі қылмыс 13,9 пайызға төмендеді», — деді Полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Петропавл тәртіп сақшыларын интернеттегі алаяқтық мәселесі алаңдатып отыр. Қылмыстың аталған түрімен күрес барысында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылмақ. 7 мың ақпараттық түсіндірме парақшалар жапсырылып, 18 мыңнан астам брошюралар таратылды. WhatsApp мессенджеріндегі үй чаттарында жадынамалар таратылып, 100-ден астам ірі ұйымдарда дәрістер өткізу қолға алынған. Мамандар тұрғындарға алаяқтардың айла-тәсілдерін түсіндіре отырып, жүздеген зейнеткерлердің үйіне арнайы барып, насихат жұмыстарын ұйымдастырған. Тәртіп сақшыларының пікірінше, бұдан шыққан нәтиже де жоқ емес. Өткен жылы 825 қала тұрғыны ескерту хабарламалардың арқасында алаяқтардың алдау схемаларына тосқауыл қоя білді.
Есептік кездесу барысында қалалық ПБ басшысы абаттандыру ережелерін сақтау, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес және құқықтық тәртіптің жай-күйі сынды өзге де өзекті тақырыптарға тоқталды.
Марат Жұмалиевтің мәлімдеуінше, шаһарда 336 жаңа бейнекамера орнатылып жатыр. Олардың орналасуы жедел жағдайды талдау негізінде таңдалады.
Петропавлдықтар түрлі сауалдар қойып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік желілерде полициямен кері байланыс туралы да назын айтты. айтты. Ұсыныстардың ешқайсысы да жауапсыз қалған жоқ. Барлық сұрақтар полицияның құзыреті шегінде шешім табу үшін назарға алынды. Сондай-ақ, учаскелік инспекторларға бірден бірнеше алғыс пікірлер келіп түсті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Петропавл полицейлері үш күнде 8 интернет-алаяқтық фактісін әшкерелегенін жазған болатынбыз. Жақында СҚО тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін жаңа тәсілге көшті.