Петропавлда кітап стеллажы, футбол қақпасы бейнесіндегі аялдамалар орнатылады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов қаланың алдағы уақытта қалай өзгеретіні туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Облыс орталығы басшысының айтуынша, Петропавлдың 10 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 23 шақырымға созылған бордюр ауыстырылып, «жасыл толқын» датчиктері бар17 бағдаршам, 211 жол белгісі орнатылады. Сонымен қатар, алаңға 42 мың «шаршы» көгал-шөп отырғызылып, 221 мың шаршы метр жаяу жол жөнделіп, асфальт жаңартылады.
35 шақырым көше шамдарын ауыстыру бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалып, 51 аялдама павильоны жаңартылады.
«Пушкин кітапханасының жанына кітап стеллажы түрінде, Спорт сарайының маңайына хоккей қақпасы бейнесінде, «Жастар» стадионы маңында футбол қақпасы түріндегі аялдамалар орнатылады. Осындай аялдамалар осы екеуімен ғана шектелмейді, қаланың бірнеше жеріне қойылады. », - деді М.Тасмағамбетов.
Көктемде Петропавл қаласына 5,6 мың қарағай көшеттері мен 35 мың метр көлемінде «жасыл дуал» түріндегі өскіндер егіледі.
«Әртүрлі түске ие өскіндерді пайдаланумыз керек. Бұл қала ландшафтымен үйлесім табуы тиіс. Қала көшелеріндегі барлық заңсыз сауда тоқтатылады. Ескірген жарнамалардың барлығы алынып тасталуы керек», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.











