Петропавлда қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретіндер қатары артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда наурыздан бастап 15 пен 18 жастағы жасөспірімдер де қалаішілік қоғамдық көліктерде 50 % жеңілдікпен жүре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда мұндай жеңілдік бұрыннан бар, бірақ оны тек 7 мен 15 жастағы мектеп оқушылары қолданып келді. Облыс орталығында бұл жастағы балалардың саны 22 мыңнан асады. Енді олардың қатарына 15 пен 18 жастағы 3 мыңнан астам бала қосылып отыр. «Қалаішілік автобустарда 50 % жеңілдікпен жүру үшін баланың өзімен бірге жасын растайтын құжаты болуы тиіс. Немесе жол картасын сатып алады. Нәтижесінде жолақы үшін қолма-қол ақша төлесе – 65 теңге береді, ал егер жол картасымен есеп айырысса, онда жолақысы 40 теңге болмақ», - дейді Петропавл әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова. Петропавлда бұдан басқа 12 санатқа жататын азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін қатынайды. Олар: 1-2 топ мүгедектігі бар адамдар, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар, барлық топтағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған заңды өкілі, ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұған дейін «Батыр ана» атанған көпбалалы аналар, кәмелет жасына толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасылардың бір заңды өкілі, соның ішінде колледжде және университетте күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттер, саяси қуғын-сүргін құрбандары, аз қамтылған отбасылардың заңды бір өкілі, көп балалы отбасылардың, аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары.

«Петропавлда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқы бар 9,5 мыңнан астам адам бар. Бірақ солардың тек 4,5 мыңы ғана өтініш беріп, жол картасын алды», - дейді Эльмира Сәдуақасова.
Соңғы жаңалықтар