Петропавлда қоғамдық көліктерді зарарсыздандыруға қажет препараттар жеткілікті

Петропавлда қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру жұмыстары 14 наурыздан бастап қолға алынды. Автобустар бағыты бойынша айналым жасап келген сайын тазаланады. Бұл жұмыстарды көлік жүргізушісі немесе контролер атқарады екен.
«Бізге сулық, маска, қолғап, шүберектер мен ерітінді берді. Қалаға шығып келген сайын салонды толығымен сүртіп, ерітіндіні шашамыз. Ал кешке қарай гаражға кірмес бұрын бізге арнайы қызметтен келіп автобусқа дезинфекция жүргізеді», - дейді автобус жүргізушісі Юрий Зайцев.
Әр автобус күніне 7-8 рейс жасайды. Қазірдің өзінде қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындардың саны азайған. Оған оқушылардың демалысқа, ал студенттердің қашықтықтан оқуға кетуі себеп.
«Петропавлдағы қоғамдық көліктер штаттық тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Тек әр айналым сайын автобус дезинфекциядан өтеді. Қажетті препараттарды тасымалдаушылардың өздері сатып алды. Көлік жүргізушілеріне бұл жұмыстардың қажеттілігі түсіндірілді», - дейді «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семенова.
Галина Семенованың айтуынша, тасымалдаушыларда қазіргі уақытта бір айға жететін зарарсыздандыратын препарат бар. Көліктер әзірше қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Бағыттар саны жолаушылардың әдеттен тыс азаюына байланысты қысқаруы мүмкін.
Жалпы қазір Петропавл қаласында қоғамдық көліктер 22 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Бір күнде 230-240 шақты автобус жолға шығады екен.