Петропавлда көпқабатты 10-ға жуық үй салынып біткенімен, тапсырылмай тұр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көпқабатты 10 шақты тұрғын үй салынып біткенімен, пайдалануға берілмей жатыр. Кейбірі екі жылдан бері бос тұр. Басты себеп – инженерлік коммуникация тартылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен өңірдегі құрылыс мәселесі қозғалған кездесу өтті.
Соның бірі – дайын нысандардың дер кезінде тапсырылмауы. Салдарынан мердігерлер оларды күтіп ұстау бойынша қосымша шығынға батып жатыр. Басты себеп - салынып біткен ғимараттарға басқа құрылыс ұйымдары инженерлік коммуникацияларды жүргізбеген.
«Мен осыдан екі жыл бұрын құрылысы аяқталған үйді пайдалануға бере алмай отырмын. Олардың бірі – «Береке» шағын ауданындағы 100 пәтерлі үй, екіншісі Парк көшесіндегі 144 пәтерлі үй. Қазір ауа-райы жақсарып келеді, мен бұл үйлерге косметикалық жөндеу жүргізуге мәжбүрмін, яғни қыстан кейін нысандарды қалпына келтіруге қосымша шығын шығаруым керек. Өйткені бұл үйлерге ешкім желілерді тартуға асығар емес» , - дейді «Стройкомпания» ЖШС директоры Хайдар Атажанов.
Дәл осындай жағдай «Основание» ЖШС-де, көпқабатты екі үй екі жылдың ішінде жылу берілмегеннен тозған. Құрылысшылар енді пәтерлердегі жарылған линолеум мен ісінген есіктерді ауыстыруға, қабырғаларды қайта дұрыстауға мәжбүр. Жалпы Петропавлда мұндай көпқабатты үйлердің саны бүгінде 10-ға жуық.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірінше, тапсырыс беруші - жергілікті атқарушы орган мәселені шешуі тиіс. Яғни үйлерге коммуникациялар жүргізу тендерін жеңіп алған, бірақ барлық шарттық мерзімді бұзған мердігерлерге қатысты түбегейлі шара қолданылуы тиіс. Сондай-ақ зардап шеккен тарапқа – құрылыс компанияларына қосымша шығын үшін өтемақы төлеулері қажет.
Жиын барысында құрылыс саласына қатысты мәселелерді жедел шешу үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанынан салалық құрылыс комитетін құру ұсынылды.