Петропавлда көпқабатты үйдің терезесінен құлай жаздаған бала құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында өрт сөндіруші көпқабатты үйдің терезесінен құлап кете жаздаған 3 жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін сағат 14:10 шамасында полицияға Жабаев көшесіндегі үйлердің бірінде терезенің шыбын-шіркейге қарсы торына сүйеніп тұрған кішкентай бала туралы хабар түсті. Тәртіп сақшылары бірден Жабаев көшесіндегі жақын маңдағы өрт сөндіру бөліміне дереу хабар берген.

«Оқиға орнына бірден өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы шықты. Арада бірер минуттың ішінде көпқабатты тұрғын үйдің терезесіне автобаспалдақ керіле тартылып, баспалдақпен жоғары бөлімше командирі - азаматтық қорғаныс старшинасы Қазыбек Ғапбасов көтерілді. Жоғары шығып келе жатып, ол баланы барынша тыныштандырып келе жатқан еді. Осылайша, бәрі іштей қобалжыған сәтте Қазыбек Ғапбасов орындыққа шығып алған үш жасар қыз баланы құтқарып алды», - делінген хабарламада.

Қазыбек Ғапбасовтың айтуынша, балдырған қорықпас үшін өрт сөндіруші басындағы арнайы баскиімін шешіп шыққан.

«Әдетте, жаздыгүні пәтер сыртынан құлыпталып, терезе ашық қалады. Сондықтан, құрметті ата-аналар абай болыңыздар», - дейді Қазыбек Ғапбасов.

Соңғы жаңалықтар