Петропавлда көркемсөз оқудан республикалық байқау өтеді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 14 қыркүйекте Петропавлда жастар арасында дәстүрлі Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық конкурсы өткізіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілетін байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырады.
Оған облыстық (қалалық) конкурстардың жеңімпаздары қатысады. Байқау жеңімпаздарын абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құрылған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
«Конкурстың мақсаты - көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды табу, Абай және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын орындау арқылы қазақтың көркем әдебиетіне қазақтың тілі мен мәдениетіне деген ықыласын арттыру», - делінген хабарламада.