Петропавлда коронавирусқа байланысты балабақша уақытша жабылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы бір адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда коронавирусқа байланысты балабақша уақытша жабылды

COVID-19 33 жастағы Петропавл тұрғынынан анықталған. Әйел жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды. Оның дене қызуы көтеріліп, әлсіреп, тамағы ауырған.

«Үйде байланыста болған 5 адам анықталды. Солардың ішінде төртеуі жақын туысы болса, біреуі жақын қатынаста болуы мүмкін. Эпидемиологиялық тергеу барысында инфекцияны күйеуі жұқтырғаны анықталды. Ол 25-30 мамыр аралығында облыстан тысқарыда болған. Үйіне келген соң әлсіреп, қызуы көтерілген. Үйінде емделген. Ауру жұқтырғандар арасында 3 жасар бала болған. Барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр», - деп хабарлады қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әсет Жұматаев.

Бүлдіршін балабақшаға барған. Балабақшада 23 адаммен қатынаста болғаны, соның ішінде 18 баланың бір топта болғаны анықталды. Барлығынан талдама алынды. Балабақша қызметі 14 тәулікке тоқтатылды.