Петропавлда құдықта уланған жұмысшыларға қатысты тексеру қорытындысы жарияланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құдықты тазарту кезінде уланып, біреуі қаза тапқан үш жұмысшыға қатысты тексеріс аяқталды. Арнайы комиссия жазатайым оқиға жұмыспен байланысты емес деген қорытындыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда құдықта уланған жұмысшыларға қатысты тексеру қорытындысы жарияланды

Естеріңізге салайық, 31 тамыз күні Петропавлда жаңадан салынып жатқан қазақ театрының құрылыс алаңында кәріз құдығын тазалау кезінде үш жұмысшы улы газдан уланған еді.

20 жастағы жігіт сол жерде қаза тапты, 19 жастағы және 18 жастағы екі жұмысшы ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Резонанс тудырған оқиға бойынша СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында арнайы комиссия құрылып, істің мән-жайын анықтады.

«Комиссияға оқиғаның анық-қанығына жету үшін 10 күн керек болды. Тексеру барысында жұмыс берушінің лауазымды қызметкерлері зардап шегушілерді жұмысқа алмағаны анықталды. Ол үш ер адам құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген.

Яғни сол ұйымда әр түрлі жұмыс атқаратын жұмысшы асығып, кету керек болғандықтан, көмекке танысын шақырған. Ол ақша тапқысы келген тағы екі жігітті ерте келген. Мұның бәрі құжаттармен, сұрау салу арқылы дәлелденді. Комиссия бұл жерде жазатайым оқиға жұмыспен байланысты емес деген қорытындыға келді», - дейді осы комиссияға жетекшілік еткен мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлнар Мұрзақанова.

Комиссия құрамына еңбек инспекторларынан басқа жұмыс берушінің және зардап шегуші жақтың өкілдері және топтық улану болғандықтан Петропавл қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары кірді.

«Құдық қоршалған аумақта болған, ол жерге бөтен адамның кіруіне рұқсат жоқ. Ұйымның жұмысшысы ол жерге жұмысқа қатысты жоқ үшеуді ертіп кірген, солармен бірге жұмыс істеген. Біз қорытындыға жаздық, бұл жерде учаске бастығы өз жұмысшысына тиісті бақылау қамтамасыз етпеген. Қол астындағы жұмысшысының іс-әрекетін қадағаламаған, оның басқа біреулерді жұмысқа тартуына жол берген.

Сондықтан қазіргі уақытта болған оқиғаға қатысты кім және қалай жауап береді, әзірге белгісіз. Бұл жағдайды жұмыс беруші де өз арасында қарайтын болады. Болашақта мұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы үшін ұйымда бірқатар шара қолға алынды», - дейді Гүлнар Мұрзақанова.

Бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс іс қозғаған еді, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.


Фото: polisia.kz