Петропавлда күрд мәдени орталығы зейнеткерлерге тегін балық таратты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Алғыс айту күніне орай Петропавлда түрлі іс-шара өтіп жатыр. Кезінде өңірге күшпен қоныстандырылған күрд халқының өкілдері де шет қалмай, қайырымдылық акциясын өткізді. 

алғыс айту
Фото: Әділ Нұржанов

Қайырымдылық іс-шарасы Петропавлдағы 20 шағын ауданда орналасқан сауда орталығының алдында өтті. Зейнеткерлер у-шусыз кезекке тұрып, тегін балықты бірінен кейін бірі тәртіппен әкетіп жатты. Ұйымдастырушылар бір қолға 4 келі балықтан берді.

«Алғыс айту күніне орай акция ұйымдастыруды шештік. Күрд мәдени орталығы 400 келі балық сатып алып, зейнеткерлерге тегін үлестіріп жатыр. Осылайша мерекелік көңіл-күй сылауды жөн көрдік.

Жалпы бұл іс-шараның мақсаты - әр күнімізді бағалауға, әрқайсымыздың бойымызда ізгі ниетті дамытуға шақыру.

Мерекеге орай еліме бейбітшілік, Қазақстаныма өсіп-өркендеуді тілеймін.

Мұндай акция үшінші жыл қатарынан 1 наурызда өткізіліп келеді. Жалпы қайырымдылық іс-шараларын жиі жасаймыз, қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің деген бар», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша күрд мәдени орталығының өкілі Расим Афандиев.

балық тарату
Фото: Әділ Нұржанов

Акция туралы әлеуметтік желіде хабарландыру болған, сондықтан келушілердің қарасы қалың болды.

алғыс
Фото: Әділ Нұржанов

«Күрд мәдени орталығына алғыс айтамын, олар жылда қайырымдылық іс-шарасын өткізеді. Біз сияқты зейнеткерлерді назардан тыс қалдырмайды. Былтыр да келдім, биыл да балықты тегін алып тұрмын, бізге бұл аз да болса көмек», - дейді қала тұрғыны Людмила Бондаренко.