Петропавлда құрт-құмырсқа табылған мектеп асханасына ата-аналар бойкот жариялады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында оқитын оқушылардың ата-аналары мектеп асханасынан бас тартып, жаппай өтініш жазып жатыр.

Мектеп асханасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Петропавл тұрғыны Жазира Закирьянованың айтуынша, мектеп асханасында дайындалған тамақ сол қалпы тұр. Сыныптар бірінен соң бірі асхана қызметінен бас тартқандығын өтініш арқылы білдірген. 

СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, оқушыларды тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту мақсатында мектептерде қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі және білім беру ұйымының медицина қызметкері кіретін брокераждық комиссиялар құрылған. 

асхананың қызметінен бас тартуға өтініш
Фото: Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның ата-аналарынан

— Комиссияның негізгі міндеті — жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау, күнделікті дайын тағамдардың сапасын тексеріп, технологиялық жабдықтардың бар-жоғын және олардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау. Өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау және жеткізу мерзімдерінің сақталуын да бақылауда ұстайды. Балалардың нақты тамақтану рационының күнделікті және алдағы мәзірге сәйкестігін тексеріп, асхананың санитарлық жағдайын бақылауға алады, — дейді басқарма басшысы.

Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында оқушыларды тамақтандырумен айналысқан кәсіпкермен келісімшартты бұзу басталып кетті. 

— Бұл мәселе бір-екі күнде шешіледі деп ойлаймыз. Конкурс өткізіледі. Жалпы қазір облыста 439 мектеп болса, соның 292-де 169 кәсіпкер оқушыларды ыстық тамақпен қамтып отыр. 34 мыңнан астам бала күнделікті тегін тамақтанады. Соның ішінде 28 мыңға жуығы — бастауыш сынып оқушылары. Мектеп асханаларында балалардың улану фактілері тіркелген жоқ, — дейді Айнагүл Сұрағанова.

Бұған дейін Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында оқушылардың тамағынан жәндіктердің табылғанын жазған едік. 

СҚО әкімі жағдайды бақылауға алып, барлық мектеп асханаларын тексеруді тапсырды. Ал олқылыққа жол берген мектеп директоры жұмыстан шығарылды. 

Соңғы жаңалықтар