Петропавлда құрылысшы мамандарға сұраныс жоғары
![None None](/static/img/plug.webp)
Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті. Келушілерге 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Соның 250-ден астамы, яғни 36 %-ы құрылыс саласына қажет.
««Құрылыс саласына қажет мамандар тапшы. Олар: тас қалаушылар, ағаш ұсталары, дәнекерлеушілер, электр-газ дәнекерлеушілері, сантехниктер, темір ұсталары, сылақшылар, тас қалаушылар, т.б. Петропавлда қазір 20-дан
астам нысан тұрғызылып жатыр. Сол себепті жұмысшылар қажет», - дейді Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінің әдіскері Гүлмира Исмаилова.
Бос орындар жәрмеңкесіне 18 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Еңбек нарығына құрылысшылардан басқа өнеркәсіпке 240 маман, денсаулық сақтау саласына – 67, білім беру саласына – 60 және қызмет көрсету саласына 89 адам керек.
Жәрмеңкеге жұмыс іздеп жүрген 100-ден астам адам қатысты. Олардың 25-і сол жерде жұмыс берушілермен әңгімелесуден өтті. 3 адам құрылыс мамандықтары бойынша білім алуға курсқа жазылды.
«Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімі құрылысшыларды даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып жатыр. Ол үш айға шақталған.
Оқушыларға 20 мың теңге шәкіртақы төленеді. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде оқытылады. Курстан өткеннен кейін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Бұл курстан өткендерге орталық жұмыс тауып, орналастырады», - дейді Гүлмира Исмаилова.