Петропавлда құтқарушылар мереке қарсаңында пиротехниканы дұрыс қолдану талаптарын еске салды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өрттердің шамамен 73% тұрғын үй секторында тіркелсе, мереке күндері бұл көрсеткіш 85 % артады. Осыған орай Жаңа жыл мерекесі қарсаңында құтқарушылар пиротехниканы дұрыс қолдану ережелерін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда құтқарушылар мереке қарсаңында пиротехниканы дұрыс қолдану талаптарын еске салды

Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесовтың айтуынша, өрт - бақылау тұрғысынан реттелмейтін сала. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы ғана оның алдын алуға болады. Жаңа жыл тыныш өтуі үшін әсіресе пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет.

«Отшашу-фейерверктерді сатып алғанда ең алдымен өнімнің сертификатына назар аударған жөн. Пиротехниканы сақтау және сату мерзіміне назар аударуды ұмытпаңыз: егер тауардың мерзімі өтіп кетсе, оны қолдануға болмайды. Қаптама бүтін, жыртылмаған болуы керек. Пиротехниканы іске қосқан кезде темекі шегуге қатаң тыйым салынады. Тұрақта тұрған көліктердің жанында атуға болмайды. 100 метр радиуста өрт қауіпті нысандар болмауы тиіс. Көрермендер отшашудың ұшыру алаңынан 35-50 метр қашықтықта болуы керек және жел оларға түтін мен отшашудың жанбаған бөліктерін ұшырмауы үшін міндетті түрде жел жағында тұрған жөн. Өнімді қолда ұстап іске қосуға тыйым салынады», - дейді Назымбек Елемесов.

Маманның айтуынша, жанғыш зат бар жерде ашық отты пайдалануға болмайды. Ұшқын - бұл ашық от. Температурасы 2 мың градусқа жетеді. Сондықтан оны жанғыш материалдардан алыс жерде қолдану керек. Пиротехниканың кез-келген түрі адам денсаулығына елеулі зиян келтіретін қауіпті құрал екенін есте ұстаған жөн.

«Пиротехникалық бұйымдар тек республикалық заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құжаттардың талаптарына жауап беретін сауда орындарында ғана сатылуы тиіс. Пиротехниканы заңсыз сату фактілерінің жолын кесу мақсатында Департамент қызметкерлері полиция өкілдерімен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдарды сақтау және сату орындары бойынша рейдтер жүргізеді. Тексерулер кезінде өнімнің сапасына, сертификаттың болуына, сауда орнының сақтау және сәйкестік Ережелеріне сай болуы тексеріледі», - дейді Назымбек Елемесов.

Қазіргі уақытта Петропавлда жедел топтар құрылды, жұмысқа төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.

«Өз тарапымыздан өрттің алдын алудың маңызды шарты - өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және орындау болып табылатынын еске салғым келеді.

Шыршаны жылыту құрылғыларынан мүмкіндігінше алыс орнатыңыз, оны тірекке мықтап бекітіңіз.

Шыршаны от шамдарымен және тез тұтанатын әшекейлермен, қағаз гирляндалармен безендірмеңіз. Тек зауытта жасалған электр гирляндаларын қолданыңыз. Сапа сертификаттары мен нұсқаулықтары жоқ пиротехникалық бұйымдарды сатып алмаңыз. Үй ішінде пиротехникалық өнімдерді пайдаланбаңыз. Отшашулар мен пиротехникалық бұйымдарды құрылыстардан қауіпсіз қашықтықта іске қосыңыз», - дейді маман.


Фото: proturizm.club