Петропавлда қыркүйек айынан бастап қоғамдық көлікке сараланған тариф енгізіледі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктің тарифі өседі, алайда жолақысы ақшасыз есеп айырысатындарға өзгеріссіз қалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап облыс орталығында қоғамдық көліктерге сараланған тариф енгізіледі.
Ақшасыз есеп айырысатындарға жол ақысы өзгеріссіз қалады, Яғни, ересектерге 80 теңге, 7 мен 15 жастағы балаларға 40 теңге. Ол үшін көлік картасын алу қажет. Оны Петропавлдағы бірнеше сауда орнынан және СҚО автокөлік одағы қауымдастығынан 500 теңгеге сатып алуға болады. Ал балаларға арналған карта Қазпошта бөлімшелерінде сатылады.
«Балаларға арналған көлік картасы бірінші жылы тегін беріледі, ал келесі жылы қолданғаны үшін 500 теңге төлейді. Бұдан басқа NFC модулі бар кез-келген банк картасымен, телефондағы «SMS BUS пассажир» қосымшасы арқылы немесе QR код арқылы есеп айырысуға мүмкіндік беріледі», - дейді бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Петропавл қалалық әкімдігі биыл қоғамдық көлікте тегін жүруге болатын тұрғындардың тізімін жасады. Оған халықтың 12 санаты: ішінде көп балалы аналар, мүгедектер, соғыс ардагерлері, қарауында мүгедек баласы бар ата-ананың біреуі, тұрмысы төмен отбасылардың және көп балалы отбасылардың балалары кіреді.
«Қоғамдық көлікте тегін жүруге құқығы барлар үшін фотосы бар арнайы карта жасалады. Бұл арқылы олар еш қиындықсыз, қалағанынша қоғамдық көлікте жүре алады. Картаны алу үшін еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беру қажет», - дейді Әсем Айтулова.