Петропавлда қызамықпен сырқаттану биыл 11 есе артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда былтыр 36 адам ғана қызамық жұқтырса, биыл сырқаттанғандар саны күрт артып, ауырудың 421 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда қызамықпен сырқаттану биыл 11 есе артты

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Петропавлда қызамық бойынша жағдай тұрақсыз, сырқаттану соңғы 10 айда 11 есе артып, 421 жағдай тіркелді. Ауырғандардың 98 % 14 жасқа дейінгі балалар.

«Қызамықпен ауырғандардың жасына тоқталатын болсақ, 64 % - 3 пен 6 жас аралығындағы балалар, 12 % - 2 жасқа дейінгі сәбилер. Кәсіби құрамына тоқталар болсақ, 57 % мектепке дейінгі мекемелерге баратындар, 25 % - оқушылар және 16 % үйде отырған балалар», - дейді Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Серік Аусатов.

Маманның айтуынша, қызамықтың негізгі белгілері интоксикация, ауыз жұтқыншақтың зақымдануы және ұсақ бөртпелердің пайда болуы. Қоздырғышы А тобындағы стрептококк, сонымен қатар тамақ ауруы, созылмалы тонзиллит, ревматизм және басқа инфекцияларды тудыратын стрептококк инфекциялары. Жұқпалы ауру сырқаттанған және ауру белгісі жоқ адамнан тарайды. Науқас аурудың алғашқы күндерінде айналасындағылар үшін ең қауіпті, тек 3 аптадан кейін ғана басқаларға жұқпайды.

«Тез таралатын ауру, тамақ және лас қол, тіпті тұрмыстық заттар арқылы да жұғуы мүмкін. Сырқаттанған адам екінші қайтара ауыруы мүмкін. Әдетте қызамықта дене қызуы 37°C-тан жоғарылайды, тері бөртіп, әлсіздік, бас ауруы пайда болады. Жұту кезінде тамақ ауырады. Аурудың 4-5 күнінде тіл»қызыл«түске боялады.

Қызамық асқынған жағдайда іріңді отит, миокардит некротикалық лимфаденит болуы мүмкін», - дейді Серік Аусатов.

Қызамықтың алдын алу шаралары жоқ. Ұжымдарда аурудың алдын-алудың негізі сырқатты ерте анықтап, оқшаулау.

«Қызамық мектепке дейінгі ұйымда тіркелген жағдайда соңғы науқас оқшауланған сәттен бастап күнтізбелік жеті күнге карантин жарияланады. Балабақшаларда ауыру қайталанған жағдайда ауырған балаларда жіті көріністері жойылғаннан кейін топқа жіберіледі.

Қызамықты таратпаудың жолы - ауру белгісі бар баланы балабақша мен мектепке жібермеу. Дене температурасы 37°С және одан жоғары көтерілсе, әлсіздік, жүрек айну, құсу, тамақтың қызаруы, денеде бөртпелер болса емханаға жүгіну қажет», - дейді санитар дәрігер.