Петропавлда мамандар көкөністерде нитраттың бар-жоғын тексерді
Өнімдердің қауіпсіздігі зертханалық құрылғылар көмегімен тексерілді. Көкөністер мен жемістердегі нитраттар көлемі Н-160 ионометрімен анықталды. Қалалықтар банан, қызылша, алма, сәбізді тексеріп көрді - барлық өнім тұтынуға қауіпсіз болып шықты.
«Хайлайт» құрылғысы арқылы сүт өнімдерінде, шұжық, ірімшік өнімдеріндегі ауру тудыратын бактериялардың бар-жоғы тексерілді. Мамандардың айтуынша, өнімді әзірлеуде және сақтауда санитарлық талаптар сақталмаса, ішек ауруларын қоздыратын қауіпті заттар пайда болуы мүмкін.
«Ағзамызға паразиттердің түсу-түспеуі біздің көкөністер мен жемістерді қалай өңдегенімізге, балықты қалай термиялық өңдеуден өткізгенімізге байланысты. Мәселен, тұқы балығында описторх метоциркарийі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам описторхоз ауруына шалдығады», - деді паразиттік зертхана маманы Евгения Горленко.
Оның айтуынша, сапасыз балықтар көбінесе шетелдік өндірушілерден табылады.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау бөлімінің жетекшісі Ләзім Мияшева өткен жылы түскен шағымдардың азық-түлік тауарларының сапасына қатысты болғанын атап өтті.
«2016 жылы бізге 600-ге жуық шағым келіп түсті. Негізінен, сауда-саттық саласы бойынша. Тұтынушылар сапасыз тауарлар туралы және мұндай өнімдерді ауыстырып беруден бас тартты деп арызданды», - деді Ләзім Мияшева.
Жыл сайын 15 наурызда Тұтынушылар құқықтарын қорғаудың Бүкіләлемдік күні аталып өтеді. Мейрам тарихы 1962 жылы Джон Кеннедидің Конгресс отырысында «тұтынушы» түсінігіне сипаттама беріп, оның негізгі құқықтарын атап өтуімен тікелей байланысты.