Петропавлда маңайын таза ұстамаған 49 кәсіпкер жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзудың 4 мыңнан астам дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда маңайын таза ұстамаған 49 кәсіпкер жазаланды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті полиция қызметінің бір міндеті - абаттандыру ережелерінің сақталуын қадағалау. Учаскелік инспекторлар бұл жұмысты облыс орталығында да, ауылды жерлерде де жүргізеді.

Петропавлда ғимаратының қасбеті мен іргелес аумақты дұрыс ұстамағаны, қоқысты уақтылы шығармағаны үшін 49 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша хаттамалар толтырылды.


Полицейлердің айтуынша, баптың санкциясы ескерту жасауды немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және келбетін сақтау. Жыл басынан полицейлер облыс бойынша абаттандыру ережелерін бұзудың 4390 дерегін анықтады, оның 565-і сәуір айында», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.