Петропавлда мемлекеттік рәміздер күніне орай автошеру өтті

Петропавлда мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай және алдағы референдумды қолдау мақсатында автошеру өтті. Іс-шараны облыс орталығындағы жастар қоғамдық ұйымдары өткізді.
Петропавл тұрғыны Михаил Битков автошеру өтетіндігін автоклубтағы таныстарынан білген. Жігіт көлігін сайлап, көк туды іліп, бүгін басқалармен бірге жолға шықты.
«Естісімен бірден қатысамын деп шештім. Бұл патриотизмді насихаттайтын маңызды акциялардың бірі. Әсіресе жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Еліміздің негізгі нышандарын құрметтеуге, мақтан тұтуға міндеттіміз», - дейді Михаил Битков.
Петропавл әуежайынан басталған іс-шараның биылғы ерекшелігі - облыс орталығындағы негізгі көшелерді барынша қамтуға тырысқан.
«Автошеруге Петропавлдағы автоклубтар, волонтерлер және қала тұрғындары қатысты. Алдын ала хабарландыру берген едік, жастар бірден қолдау білдірді. Бүгіннен бастап көп қабатты үйлердің балкондарына көк туымызды іліп жатыр. Ертең сағат 10.00-де бір мезетте республика бойынша гимн айтылады. Біз де соған қосыламыз. Мақсат – мемлекеттік рәміздерге құрметімізді көрсету және патриотизмді насихаттау», - дейді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбай.