Петропавлда мереке күндері «102» арнасына 1,6 мыңнан астам телефон қоңырауы түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері мереке күндері күшейтілген режімде қызмет атқарды. Төрт күнде тек «102» арнасына ғана 1600-ден астам қоңырау түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда мереке күндері «102» арнасына 1,6 мыңнан астам телефон қоңырауы түсті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін тәулік бойы 200-ден астам полиция қызметкері қамтамасыз етті. Нәтижесінде, жылдың соңғы күні - жаңа жыл түні тыныш өтті.

Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Ерік Құлжановтың айтуынша, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні «102» пультіне 389 рет телефон қоңырауы келіп түскен. Соның 91 жағдайы полиция қызметкерлерінің жедел ден қоюын қажет етті.

Жалпы, мереке күндері, 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында полиция қызметкерлері 1600-ден астам телефон қоңырауын қабылдады. Оның ішінде 479 хабарлама – жасалған қылмыстар мен оқиғалар туралы; 21-і – жол-көлік оқиғалары бойынша; түнгі уақытта тыныштықты бұзу бойынша – 17 қоңырау түскен. Сондай-ақ отбасылық жанжалдарға қатысты 45 қоңырау және ұрлық фактілері бойынша 26 хабарлама тіркелді.

Петропавл қалалық жедел басқару орталығының кезекші бейнебақылау инспекторлары мереке күндері 61 әкімшілік құқық бұзушылықты; жол жүрісі қағидаларын бұзудың 26 фактісін және қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, мас күйде жүрудің 35 дерегін тіркеді.