Петропавлда мереке күндері 303 адам жарақатпен дәрігер көмегіне жүгінді
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Петропавлдағы медициналық мекемеге қаралғандардың басым бөлігі тұрмыстық жарақатпен келген. Яғни сырғанап не шаңғы теуіп жүргенде абайсызда құлап, жарақат алғандар.
«Петропавлда жаңа жылдық мереке күндері ауа райының жылы болуынан тұрғындар көп уақытын далада коньки, шаңғы теуіп өткізді. Бізге келген сырқаттардың 179-ы жарақаттарын далада алған екен. Олардың 19-ы мас күйде түсті. Жарақаттанғандардың ішінде балалар да бар», - дейді Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің дәрігері Мейрам Оспанов.
Мамандардың сөзіне қарағанда, былтыр 31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында дәрігерлердің көмегіне тек 13 адам жүгінген. Тұрғындар негізінен жол апаттарында алған дене жарақаттарымен түскен. Сондай-ақ былтыр мереке күндері үсік шалған үш адамға медициналық көмек көрсетілсе, биыл 4 адам дәрігерге қаралыпты. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.