Петропавлда модульдік полиция бекетіне айына 200-ге жуық адам жүгінеді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда бір жылдың ішінде 4 модульдік полиция бекеті ашылды. Онда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар тәулік бойы кезекшілік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осындай бекеттердің бірі аудан орталығы Тайыншада жұмыс істеп тұр.
Жұмыстың жаңа форматы «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заманауи модульдер адамдар көп жиналатын жерлерде орналасқан.
«Өтініштер әртүрлі. Көбіне сұрақтар тек құқықтық тәртіпке қатысты болмайды. Бүгін бір азамат құжат тауып алып, бізге әкелді. Біз құжат иесінің телефон нөмірін тез анықтап, хабарласып, сол күні-ақ қайтардық», - дейді жаңа жыл қарсаңында кезекшілікте болған Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Берік Төлепбергенов.
Модульдердегі жаңажылдық кезекшілік тыныш өтті.
«Түн ортасына таман адамдар үйлеріне тарады, көшеде ешкім болған жоқ. Түнгі бірден кейін адамдар серуендеуге шыға бастады. Тыныш өтті», - деді полиция лейтенанты Бекболат Бүркітбай.
Айына орта есеппен 200-ге жуық азамат модульдік посттардағы кезекшіліктегі полиция қызметкерлеріне жүгінеді.
Полицейлердің басты міндеті – барлық өтініштерге дер кезінде жауап беру.