Петропавлда мотоцикл мен автокөлік соғылып, 2 адам зардап шекті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рөлге мас күйде отырудың 49 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» акциясы төрт күн аралығында өтті. Мақсат – көлікті мас күйде жүргізгендерді анықтап, жол апаттарының алдын алу. Өйткені рөлге спирттік ішімдік ішіп отыру қашанда қауіп-қатер тудырып, салдары өкінішке ұрындыруы мүмкін. Осындай оқиғаның бірі 9 маусым күні Петропавлда тіркелді.
«Racer» мотоциклін мінген 26 жастағы қала тұрғыны Рыжов көшесінің бойында «Daewoo Matiz MХ» көлігіне соғылды. Автомашинаның рөлінде 1972 жылы туған Петропавл тұрғыны болған. Көліктегі әйел зардап шеккен жоқ. Ал мотоциклдің жүргізушісіне медициналық көмек қажет болса, оның қасындағы жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
Қан талдауы екі аяқты көлік жүргізушісінің мас болғанын көрсетті. Қазіргі уақытта оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр. Полицейлердің айтуынша, мотоциклдің иесі оны өз атына тіркемеген. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты «Көлік құралын пайдалану ережесін бұзу» бабы бойынша әкімшілік материал жиналды.
«Биылдан бастап мас күйде рөлге отырып, жол-көлік апатына жол бергендердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын тағы бір мәрте еске саламыз. Егер де жол апаты кезінде адам денсаулығына орташа зиян келсе, кінәлі жүргізуші бір жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға дейін көлік басқару құқынан айырылуы мүмкін», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Петропавлда төрт күнде рөлге мас күйде отырған 49 жүргізуші анықталды. Жалпы СҚО-да жыл басынан мас жүргізушілердің кінәсінен 25 жол-көлік апаты тіркелді. Оның төртеуінде екі адам жараланса, тағы екеуі қаза тапты.