Петропавлда мүгедектігі бар адамдардың би үйірмесі жабылып қалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың «Үміт» клубы жанынан жұмыс істеп келген спорттық бал биі секциясы жабылып қалды.

Петропавлда мүгедектігі бар адамдардың би үйірмесі жабылып қалды
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық қабылдауы өтті. Партия өкілдері мен мемлекеттік органдарға 4 адам жүгінді. Олар 2-ші топтағы мүгедектер үшін жұмыс уақытын қысқарту, мүгедектікті беру процесін жеделдету және гигиена құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмек сұрады.

Петропавлда мүгедектігі бар адамдардың би үйірмесі жабылып қалды
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

Петропавлдың 23 жастағы тұрғыны Мира Әбитованың 2-ші топ мүгедектігі бар. Ол соңғы жылдары №13 мектепте би өнерімен шұғылданып келген. Спорттық бал биі бойжеткеннің қам көңілін бір сәт сейілтіп, қуаныш сыйлайтын. Енді бұл секция жабылып қалған. Облыстық мәслихат депутаты Владимир Эрманның айтуынша, арбада орындалатын спорттық бал биі спортқа қарайды, бұл дұрыс емес, ол мәдениет саласына қарауы тиіс. Мәселенің бір мәнісі осында. 

Петропавлда мүгедектігі бар адамдардың би үйірмесі жабылып қалды
Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

«Бұл секцияда шын мәнінде екі жұп қана шұғылданып келді. Алайда «Үміт» спорт клубы спорт басқармасына қарағандықтан спорттық бал биі бағыты енді бұл жерде болмайды. Сондай-ақ клубта би жаттықтырушысы жұмыс істей алмайды, өйткені ол мәдениет саласына жатады. Егер мәдениет басқармасы немесе қалалық мәдениет бөлімі бұл секцияны өз қамқорлығына алса бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар», - дейді Владимир Эрман.

Бұл мәселенің шешілуіне аманаттықтар ат салыспақ. Партия өкілдерінің пікірінше, әкімдік бұл мәселені шешіп, би үйірмесіне орын табуға көмектесе алады.

«Қала әкімімен, әкімнің орынбасарымен сөйлесіп, ақылдасамыз. Арнайы жабдықтар мен арбалар бар, енді тек орын табу қажет. Петропавл әкімдігінде мәдениет пен спорт бір бөлімге біріктірілген. Біз осы проблеманы назарда ұстайтын боламыз», - деді «AMANAT» партиясының СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.

Бұған дейін Петропавлдағы жеткіншектер үйі биыл 72 млн теңгеге жөнделгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар