Петропавлда мұз алаңдарын салуға 75 млн теңге жұмсалмақ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мұз алаңдарын, сырғанақтар мен қаланы қысқы безендіруге биыл 75 млн теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің мәліметінше, қаланы қысқы абаттандыруға және безендіруге 75 млн теңгенің конкурсы өтті. Бұл қаражатқа облыс орталығының 5 шағын ауданында мұз қалашығы пайда болмақ.

«Петропавлда тұрғындар мен қала қонақтарының жазғы уақытта бос уақыттарын көңілді өткізу үшін бар жағдай жасалған. «Жеңіс» және мәдениет-демалыс саябағында аттракциондар жұмыс істейді, ойын алаңдары ашылған. Ал қыста олар жабық, сондықтан халықтың таза ауада уақыт өткізетін орындары шектеулі.

Осыған орай жыл сайын ересектер мен балалардың қысқы мезгілді көңілді өткізуі үшін мұз алаңдары салынады. Ол жерде түрлі сырғанақтар, мұз пішіндері, лабиринттер болады.

Бөлінген қаражат мұз қалашықтарын салуға, оны күтіп-ұстауға, жарықпен безендіруге, алаңды мұзбен қоршауға және «Динамо» стадионында мұзайдынды құйып, күтіп ұстауға жұмсалады», - дейді қалалық бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Маманның айтуынша, шаһарды жаңа жылдық безендіруге қазынадан қаражат қарастырылмаған. Орталық алаңда шыршаны орнатып, безендіру, қаланы мерекеге сай әсемдеу демеушілердің қаржысына жүзеге асырылмақ.


Соңғы жаңалықтар