Петропавлда мұз сарайы мен триатлон парк салынады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы өткен көктемде суға кеткен Ойқала ауданында триатлон парк бой көтереді. 

Петропавлда мұз сарайы мен триатлон парк салынады
Фото: Ақорда

Су шайған баспаналардың көпшілігі тұруға жарамсыз деп танылып, бұзылды. Енді осы бос тұрған жерде триатлон парктен бөлек жаңа скверлер пайда болады. Бұл туралы Петропавл әкімі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кеңейтілген отырысында айтты.

Қала басшысының айтуынша, биыл бассейні бар Мұз сарайының құрылысын да бастау жоспарланған. Спорттық нысан «Жас өркен» шағын ауданында бой көтереді. 

Петропавл көшелеріндегі жолдарды жөнге келтіру жұмысы биыл да жалғасады. Былтыр 37 көшеге бірінші рет асфальт төселді. 

- 45 көшеде жұмыс атқарылады, соның 42-сінде жолдар алғаш рет асфальтталады. Оның ішінде «Бірлік» шағын ауданы да бар. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді, - деді Серік Мұхамедиев. 

Петропавл әкімінің айтуынша, облыс орталығында 596 аула бар. Оның 254-інің жағдайы нашар. Кварталдар бойынша аулаларды абаттандыру биыл да қолға алынбақ. Өткен жылы 8 кварталда шамамен 30 аула жөнге келтірілген. Биыл 1,5 млрд теңге бөлініп, бұл сомаға 50-ден астам ауланы абаттандыру жоспарланған. 

- Петропавлдағы шыны аялдамаларға қатысты тұрғындар тарапынан көптеген сын айтылды. Былтыр олардың 20-сы жылы аялдамаларға ауыстырылды. Биыл жұмысты жалғастырамыз. Өткен жылы тасымалдаушылар 33 жаңа автобус сатып алды. Бүгінгі таңда қаланың автобус паркі 80%-ға жаңартылды, - деді Серік Мұхамедиев.

Бұған дейін Петропавлда балалар лагері санаторлы-курорттық кешенге айналатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар