Петропавлда мысықтардың халықаралық көрмесі өтіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда асыл тұқымды мысықтардың халықаралық 36-шы көрмесі өтті. Іс-шара бұған дейін үш жыл бұрын пандемияның алдында ұйымдастырылған болатын. Бұл жолы көрермен назарына 70 шақты мысық ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда мысықтардың халықаралық көрмесі өтіп жатыр

Петропавл тұрғыны Татьяна Орлованың асыл тұқымды мысық өсіретін жеке тәлімбағы бар. Бүгін ол көрмеге парсы мысығының бірнешеуін әкелді. Бұл іспен 25 жылдан бері айналысып жүрген әйелдің таңдауы мысықтың осы тұқымына түскен екен.


«Бұл мысықтар жуас, қақ-соқпен жұмысы жоқ. Көпшілік оны көп қозғала қоймайтындықтан «диван жастығы» деп те атайды. Зауытшылар мысықтардың бұл түрін әлі де жетілдіріп жатыр. Тек сыртқы келбетімен ғана жұмыс істемей, оның мінезін, жүріс-тұрысын да жақсарту үстінде. Мәселен олар өте таза, тек ыдысқа ғана отырады, сондықтан үйде жаман иіс болмайды.

Мысық өсірушілер әдетте оның бір тұқымын ғана көбейтумен айналысады. Мен бұған дейін басқа түрлері – ориенталды, шотланд мысықтарын өсіріп көрдім. Құйрығы бұратылған курил бобтейлі, құлағы ерекше америкалық керл болды. Бірақ маған қазір осы парсы мысығынан артығы жоқ», - дейді Татьяна Орлова.

Қазір Петропавлда парсы мысығының экзотикалық түрін өсіретін бір ғана тәлімбақ бар. Өйткені жануарларды күтіп-баптау оңай емес, көп қаражатты қажет етеді, ал өтемі шамалы.

«Асыл тұқымды мысықты өсірушілер оны сатпас бұрын, үйретеді. Құжаттарын дұрыстап, барлық қажетті екпелерін қойдыртады. Мұнымен кәсіби түрде айналысқандықтан сапасына мән береміз. Зауытшылар марғауды тек үш айға толғанда ғана сатады.

Мысықтарға дүкенде сатылатын арнайы тамақтарды бермейміз. Үйге тапсырыспен ет алдырамын. Шошқа, сиыр етін және оларға сәбіз қосып фарш жасап беремін. Тауықтың ішкі мүшелерінен микс жасап тамақтандырамын.

Мысықты өсіру оңай емес, тәулік бойы атқарылатын жұмыс. Бірақ, жұрт соны түсіне бермейді, су тегін алғылары келеді.

Ресейде парсы мысығының марғауларын тәлімбақтардан мың доллар шамасында алуға болады. Біз 50 мың теңгеге сатсақ қуанамыз. Жалпы сапасына қарай бағасы, мысалы біреулер мысық өсірумен айналысу үшін алады, олар қымбат тұрады. Мына қара-ала мысықты мен Қырымнан қымбатқа сатып әкелдім», - дейді Татьяна Орлова.

Петропавлда өткен халықаралық көрмеге Ресейдің Омбы облысынан да мысық өсірушілер арнайы келді. «Леопольд», «Баст» клубтарына қарайтын 16 зауытшы 30-ға жуық мысығын әкеліп, көрермен назарына ұсынды. Олардың ішінде шотландиялық, оренталды, сиам, мейн-кун, девон-рекс, Нева маскарадты, курил бобтейлі мысықтары бар.

Мәселен, «Чернуля» атты шотланд мысығы бірнеше жылдан бері осындай көрмелердің абсолютті чемпионы. 7 жастағы жануар ТМД елдері кіретін Халықаралық фелинология қауымдастығының 2020-2021 жылғы маусымының үздік ТОП-5-тігіне кірген.

«Үйде «Чернуля» деп еркелетіп айтамыз, бірақ асыл тұқымды болса алдымен тәлімбақ бірінші аталады, кейін аты қосылады. Мәселен бұл мысықтың құжат бойынша аты – Demi Moore`s Totoro. Бүгін біз бұл көрмеге мысықтарымыздың ең үздіктерін әкеліп отырмыз. Автобуспен келдік. Шекарадан жануарларды өткізерде ешқандай мәселе туындаған жоқ, бастысы құжаты дұрыс болса болғаны», - дейді фелинолог-нұсқаушы Оксана Ильяшенко.

Үш маманнан құралған сарапшылар тобы әр мысықты қарап, белгілі талаптарға сәйкестігін анықтап, кейін жеңімпазды анықтамақ.

«Биыл 36-шы халықаралық көрме «Маркиза» клубының негізін қалаушы Светлана Фламованың құрметіне өтіп жатыр. Көрмеден бүгін мысықтың 20 шақты тұқымын, барлығы 70-тен астам жануарды тамашалауға болады. Мейн-кун – бүгінде сұранысқа ие мысықтың бірі. Бүгін көрмеге де оның бірнешеуі әкелінді. Бұл мысықтардың ішіндегі ең алыбы, америкалық аборигендік тұқым. Еркегі 8 келіге дейін тартады, ал ұзындығы құйрығымен есептегенде 120 см дейін барады. Түрі сұсты, соған сай мінезі де бар.

Біз мысықтардың әрқайсысын қарап жатырмыз, олардың түріне байланысты өз стандарттары бар. Бойы, ұзындығы, жағының орналасуы, басының көлемі, тіпті, көзінің үлкендігі, салмағы – бәрі есептеледі. Идеалды мысық жоқ. Біз идеалға барынша жақынын тауып, жеңімпазды анықтаймыз», - дейді халықаралық санаттағы сарапшы, «Маркиза» клубының жетекшісі Марина Василенко.