Петропавлда неміс компаниясы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт ашпақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында заманауи ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын немістің «Claas» компаниясы өз зауытын ашатын болды. Келіссөздер өз нәтижесін беріп, екі жақты тиімді келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Claas» неміс компаниясымен СҚО аумағында зауыт ашу жайында келіссөздер 1,5 жыл бойы жүргізілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын өндірістік құрастыру жөнінде келісімшартқа қол қойылды.
Петропавлда болашақ зауыттың ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жерде комбайндар, тракторлар және егіс кешендері құрастырылатын болады.
«Неміс компаниясының басшылығымен кездесіп, барлық бизнес модельдерді көрсеттік. Компания қаражат салғаннан кейін одан пайда көргісі келеді ғой. Мысалы «Claas» компаниясының зауыттары 10 жыл бұрын Ресейде ашылған. Өзбекстанда жұмыс істеп жатыр. Неге бізде жоқ?! СҚО-да ауыл шаруашылығы саласының көлемі үлкен. Біз жыл сайын 300 комбайн емес, арзан болса 500 комбайн алатын боламыз. Алатын мүмкіндіктеріміз бар. «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингпен бірнеше жылға төмен пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникасын алған кезде диқандар алғашқы салым - 25 % беруге міндетті еді. Қазір ол ақшаны Үкімет өзі төлеп отыр. Осы барлық тиімді тұстарын көрсетіп, неміс компаниясымен келісімшартқа қол қойдық», - дейді зауыттың құрылыс жұмыстарын көрген СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
СҚО диқандары қазірдің өзінде «Claas» компаниясының 500-ден астам техникасын, соның ішінде 100 трактор, 311 комбайн және 100-ден артық түрлі ауыл шаруашылығында қажет өнімін қолданып жүр.
«Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемге танымал компания облыс экономикасына 3 млрд теңгеден астам қаржы салмақ. СҚО диқандары сапалы техниканы арзан бағаға алатын болады. Егер бұрын трактор 153-тен 164 млн теңгеге дейін, комбайндар 136-171 млн теңге аралығында тұрса, енді олардың бағалары 50% дейін арзан болады. Яғни 12% ҚҚС, 5% кеден салығы және 35% инвестициялық субсидия техника құнынан алынады. Сондай-ақ «Claas» бастан-аяқ сервистік қызмет көрсетеді», - дейді өңір басшысы.

Кәсіпорында алғашқы кезеңде 100 жұмыс орны ашылады. Компания зауытты әрі қарай дамыту үшін техникалық кадрлардың дайындығымен айналысады. Жылына 300 ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жоспарлаған.