Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасымен сатылған баспаналар талапқа сай болмай шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Сотқа көпқабатты тұрғын үй тұрғындары мен мүлік иелерінің бірлестігі талап арыз түсірген.
Азаматтық істі Петропавлдың №2 соты қарады.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, талапкерлер қалалық әкімдіктің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен тұрғын үйдегі құрылыс ақауларын жойып, тұрғын үйді барлық қажетті техникалық құжаттарымен бірге ресми түрде тапсыруды сұрады.
Сот барысында көпқабатты тұрғын үй қалалық әкімдіктің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен салынғаны анықталды. Ведомство мердігер ұйымдардан нысанды құрылыс кемшіліктері бола тұра қабылдап алған. Кейін бұл үй тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне беріліп, пәтерлер азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында сатылған.
Талапкерлердің өтініші бойынша сот құрылыс-техникалық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы тұрғын үйде көптеген құрылыс кемшіліктерінің бар екенін растады. Атап айтқанда, шатыр жабынының, ортақ пайдаланылатын орындардың әрлеу жұмыстарының, балкон қоршауларының, панельаралық жіктердің, пандустың, үйдің айналасындағы су өткізбейтін жолақтың, тіреу қабырғасының, кәріз жүйесінің, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандырудың талапқа сай жасалмағанын анықтады.
Сот құрылысқа тапсырыс беруші тарапынан мердігер ұйымдарды міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мақсатында шаралар қабылданғанын да анықтады. Мердігерлердің біріне сотқа дейінгі талап қою жіберілсе, екіншісіне қатысты мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот дауы басталған.
Іс бойынша ұсынылған дәлелдерді зерттеген сот тұрғын үй иелерінің құқықтары бұзылған деген қорытындыға келіп, талап арызды толық қанағаттандырды. Сот шешімімен жауапкерлерге тұрғын үйдегі құрылыс кемшіліктерін жою, орындалған жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісі арқылы өткізу және тұрғын үйді қажетті техникалық құжаттармен бірге тапсыру міндеті жүктелді.
Сонымен қатар сот талап арыз қанағаттандырылғандықтан, жүргізілген сот сараптамасы мен өкіл қызметіне жұмсалған шығындарды қалалық әкімдіктен МИБ пайдасына өндіріп беру туралы шешім қабылдады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Шымкентте сот шешімімен 148 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.