Петропавлда облыстық ауруханадан 250 науқасты эвакуациялауға тура келді

СҚО көпбейінді ауруханасының мәліметінше, 15 сәуір күні сағат 13.25 минут кеткенде емдеу мекемесінің зертханасына біреу хабарласып, ауруханаға жарылғыш зат қойылғанын айтқан.
Қоңырауға жауап берген дәрігер бірден тиісті органдарға хабар береді.
Аурухана әкімшілігі мамандандырылған қызметтермен бірге ғимараттан науқастарды, қызметкерлерді, барлығы 250 адамды қауіпсіз жерге шығарды.
Ал ауыр сырқаттарды жақын маңдағы хирургия корпусына және емхананың акт залына орналастырды.
Олар қажетті ем-доммен және сумен қамтамасыз етілді.
Мамандар ғимаратты тексерді, жарылғыш зат туралы хабар жалған болып шықты.
СҚО Полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына барлық тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Жарылғыш затты іздеуге қызметтік иттер қолданылды. Операция екі сағатқа созылды.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары бомба қойылғандығы туралы телефон соғып, жалған хабар берген адамды іздестіріп жатыр.