Петропавлда өрттен бір отбасының мүшелері мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан әйел екі баласымен қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Петропавлда өрттен бір отбасының мүшелері мерт болды

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Жұмысшы кентіндегі тұрғын үйде шыққан өрт туралы хабар түнгі сағат бірлерде түскен.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде үйдің қабырғасы мен заттар жанып жатқан, қатты түтін шаққан. Өртті сөндіру барысында 1977 жылғы үй иесі мен оның екі баласы - 2013 жылғы ұл мен қыз өлі күйінде табылған. Олар үйден эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметкерлеріне берілген. Денелері сот-мединицалық сараптамаға жіберілді», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Өрттің шығуына электр сымдар жүйесінің қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Оқиғаның мән-жайы мен материалдық залалы анықталып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 121 рет өрт шығып, 13 адам мерт болған. Материалдық зиян сомасы 14 миллион теңгені құраған.