Петропавлда «Парасатты жүргізуші – парасатты жолаушы» акциясы басталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қоғамдық көлік жүргізушілері мен жолаушыларды мәдениеттілікке шақыратын ерекше акция бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының хабарлауынша, акцияға Петропавл қаласында 6 бағыт бойынша жүретін 74 автобус қатысып жатыр. Ұйымдастырушы - «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың филиалы. «Автотранспорт одағы» ҚБ іс-шараға қолдау көрсетті.
Ел бойынша мұндай акция әзірше тек СҚО аумағында ғана өтіп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
«Қоғамдық көліктерге парасаттылық принциперін сақтауға және әдептен озбауға шақырған жапсырмалар ілінді. Мәселе жоқ емес – бар. Оны шешу үшін жолаушыларды тасымалдаушылар мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бірлесе жұмыс істеп жатыр. Жапсырмада қоғамдық бақылаудың да нөмірі көрсетілген. Хабарласып, куә болған құқық бұзушылық жайында айтуға болады», - дейді СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің адалдық және превенция басқармасының басшысыДамир Хабибулин.
Акцияға қатысып жатқан барлық автобустар кісі көп жүретін Петропавл қаласының орталық көшелерімен өтеді.
«Қоғамдық көлікте түрлі жағдай болып жатады. Кейде көлік жүргізушісі өрескел мінез көрсетеді, жолаушы тарапынан дөрекілік жасалып жатады. Сондықтан мұндай акция керек. Жапсырма екі жақты да тәртіпті сақтауға шақырады. Құқық бұзылған жағдайда көрсетілген телефон нөміріне хабарласуға болады. Әрқайсысын қараймыз», - дейді «Автотранспорт одағы» ҚБ төрағасы Галина Семенова.

