Петропавлда пиротехникалық бұйымдарды көшеде сатқандар жазаланып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сатқан екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыста «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат - пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасының жолын кесу.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, елімізде пиротехникалық бұйымдарды еркін сатуға тыйым салынған. Ол шектелген тауарлар қатарына жатады. Сертификатталмаған бұйымдар қауіпті болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бұл тауарды сақтаудың белгілі бір талаптары бар. Олар көбінесе заңсыз сатылым кезінде сақталмайды. Салдарынан отшашу дұрыс атпай, оқыс оқиға апарып соғуы мүмкін.

«15 желтоқсаннан бастап Петропавлдағы базарлар мен дүкендерде 6 тексеріс жүргізілді. Сауда орындарының қасында, көшеде отшашу сатқан екі қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы екі дерек бойынша «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» бабы бойынша материал жиналды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы құрамындағы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Мейрам Шарышев.
«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы СҚО-да екі кезеңде өтеді, алғашқысы 15-24 желтоқсан аралығында, екінші кезеңі 26 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында өтпек.