Петропавлда полиция бірнеше рет ұрлық жасаған адамды әлеуметтік желі арқылы тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желі арқылы қаладағы кеңсеге және бутикке ұрлыққа түскен белгісіз ер адам туралы бейнеролик тараған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру нәтижесінде баукеспені қолға түсірді», - деп хабарлайды ҚазАқпарат СҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.

 Петропавлда полиция бірнеше рет ұрлық жасаған адамды әлеуметтік желі арқылы тапты

«Кейіпкердің ұрлық жасау сәтінен алғашқы бейнеролик Instagram әлеуметтік желісінде пайда болды. Бейнежазбада қаладағы кеңсенің бірінен белгісіз ер адамның фойедегі күректі ұрлап жатқан сәті көрсетілген. Кеңсе әкімшілігі тұрғындардан қар тазалауға арналған күректі ұрлап кеткен адамды анықтауға әлеуметтік желі арқылы көмек көрсетуді сұрады. Келесі күні әлеуметтік желіде сауда бутиктерінің бірінен дәл сол ер адамның әмиянды ұрлап жатқан бейнесі пайда болды. Қалалық тәртіп сақшылары күдіктіні бірден ұстады», - деп хабарлайды СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Хабарламада айтылғандай, ұсталған 48 жастағы қала тұрғынының бұрында істі болғаны анықталды. Сондай-ақ, тергеу барысында оның бірқатар басқа да ұрлықтарға қатысы бары белгілі болды.

«Ұсталған азамат өз кінәсін толығымен мойындады. Ол әлеуметтік желіде тараған өзі туралы бейнежазбаның пайда болғанын таныстарынан естіпті. Бір қызығы, күректі басқа бір кеңсенің алдын қардан тазарту үшін алған. Күректі пайдаланып болған соң, оны базарға апарып сатып жіберген. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол алдымен қараусыз қалған велосипед, шана мен қоларбаны ұрлаған. Сонымен қатар, сатушы мен күзетшісі орындарында жоқ бутиктерді тонаған», - делінген хабарламада.

Аталған факті ҚР ҚК 188-бабы, 2-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.