Петропавлда полиция қызметкерлерінің кәсіби-психологиялық дайындығы курстары өтті

ПЕТРОПАВЛ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінде «Ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін кәсіби-психологиялық дайындық» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары болып өтті.

Петропавлда полиция қызметкерлерінің кәсіби-психологиялық дайындығы курстары өтті

Солтүстікқазақстандық полицейлерді психологияның қыр-сырына Астана қаласының «Тұран-Профи» халықаралық кәсіби академиясының біліктілікті арттыру институтының мамандары мен Мәскеуден келген қонақ, психология ғылымдарының кандидаты Игорь Бородин бойлатты.

Сабақтарға ауыр және аса ауыр қылмыстармен жиі бетпе-бет кездесетін бөлімшелердің қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында тергеушілер, жедел қызметкерлер, сарапшы-криминалистер бар. Курс тыңдаушылары шағын тренингтер, рөлдік ойындар арқылы түрлі жағдайларды сараптап, оның барысында жедел және тергеу мәселелерін шешу үшін қажетті жеке психологиялық әдістер мен амалдарды қарастырды. Сонымен қатар, полицейлерге қазіргі заманғы адамзаттың жан ауруы - стрестік жағдайлардан шығудың, оны жеңудің жолдары көрсетілді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен өткізіліп жатқан аталмыш курстар, мамандардың ойынша, әсіресе жас полицейлерге ауадай қажет.

Курстарды аяқтағаннан кейін барлық қатысушылар «Тұран-Профи» халықаралық кәсіби академиясының біліктілікті арттыру институтының арнайы сертификаттарына ие болды.