Петропавлда полицияның учаскелік инспекторлары цифрлық технологияға көшіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдың учаскелік полиция инспекторларына қағаз журналдар мен түрлі базадан ізделетін ақпарат қызметтік планшет арқылы бір сәтте қолжетімді болмақ. 

Петропавлда полицияның учаскелік инспекторлары цифрлық технологияға көшіп жатыр
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторының жұмыс ауқымы кең. Бір инспектор өзіне бекітілген аумақта тұрғындардың өтініштерін қарап, профилактикалық есептегі азаматтарды, қару иелерін, отбасылық жанжалқойларды, шетел азаматтарын назарда ұстауы қажет. Түрлі тексерулер мен есеп жүргізуі тиіс. Осының бәрін қағазға түсіріп, әртүрлі журналдар мен тізімдерді жаңартып отыру инспектордың біршама уақытын алатын.

Петропавлда полицияның учаскелік инспекторлары цифрлық технологияға көшіп жатыр
Фото: СҚО ПД

Енді бір планшетте қажетті ақпараттың барлығы болмақ. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Петропавлдың учаскелік полиция инспекторларының қызметтік планшеттеріне «Цифрлық ПУИ» жүйесі мен арнайы мобильді қосымша орнатылып жатыр. Деректер базасы толық қалыптасқаннан кейін инспектор өзіне бекітілген аумақтағы қажетті ақпаратты планшет арқылы іздей алады. Азаматты аты-жөні, әкесінің аты, ЖСН-і, жынысы немесе есеп түрі бойынша табуға мүмкіндік бар. Ең бастысы - ақпаратты уақытында жаңарту да әлдеқайда жеңілдейді.

Петропавлда полицияның учаскелік инспекторлары цифрлық технологияға көшіп жатыр
Фото: СҚО ПД

Жаңа жүйеде сондай-ақ, іздеудегі адамдар бойынша бағдарлар, учаскелік полиция пункттерінің тізімі, бейнебақылау камераларына қолжетімділік, аумақ бойынша статистика және кіріктірілген талдау құралдары қарастырылған.

Петропавлдың 100-ге жуық инспекторы жаңа жүйемен жұмыс істеуге арналған практикалық сабаққа қатысты. Сабақ барысында СҚО Полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы қызметкерлері елордалық IT-компания мамандарымен бірге жүйенің мүмкіндіктерін таныстырды. Инспекторларға «Цифрлық ПУИ» жүйесін планшет арқылы күнделікті қызметте пайдалану жолдары көрсетілді.

Петропавлда полицияның учаскелік инспекторлары цифрлық технологияға көшіп жатыр
Фото: СҚО ПД

Қазір мамандар деректер базасын қажетті ақпаратпен толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүйені өңірде толық енгізу және оның мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жақын уақытта аяқталады деп жоспарланған.

Мамандарды айтуынша, учаскелік полиция инспекторларының қызметін бекерден-бекер «мың бір міндеттің жұмысы» деп атамайды. Сондықтан цифрландырудың негізгі мәні - инспектордың уақытын тиімді пайдалану. Бұл полицейлердің уақыты пен күшін азаматтармен тікелей жұмыс істеуге бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл - қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.

Бұған дейін «Қазсушар» цифрландыру арқылы шығындарын азайтқанын жазған едік.