Петропавлда пойызға тиеліп жатқан контрафактілік ішімдік партиясы тәркіленді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Шекарашылар Петропавл теміржол бекетінде тоқтап тұрған пойызға заңсыз тиеліп жатқан жасанды ішімдік өнімдері партиясын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Петропавлда пойызға тиеліп жатқан контрафактілік ішімдік партиясы тәркіленді

«Петропавл» шекара отрядының «Мамлютка» теміржол көліктерін тексеру бөлімшесінің шекара жасағы Петропавл теміржол бекетінде тоқтап тұрған «Анапа-Красноярск» бағытындағы № 130 пойызға арақ-шарап тиеліп жатқан сәттің үстінен түсті», делінген хабарламада.

Ешқандай құжатсыз тиеліп жатқан 110 шөлмек (220 литр) шарап, 30 шөлмек (60 л.) коньяк, 78 шөлмек (156 литр) арақ, 28 шөлмек (56 литр) мускат шарабы, 14 шөлмек (28 литр) алма шарабының барлығы қолдан жасалғандығы анықталды. Контрафактілік өнім 457 712 теңге бағаланды.

Дәл сол жерден пойыз бастығы, 1972 жылғы Ресей азаматы ұсталды. Қолдан жасалған арақ-шарап тәркіленіп Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.