Петропавлда салынып жатқан көп қабатты үйлерге негізінен отандық материалдар қолданылуда

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы бес жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында 90-ға жуық көп қабатты тұрғын үй және оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге 1,5 мың жеке баспана салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда салынып жатқан көп қабатты үйлерге негізінен отандық материалдар қолданылуда

Қазіргі уақытта Петропавлда 41 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның 23-і бюджеттік, қалған 18-і коммерциялық. Мәселен, Уәлиханов көшесінің бойында 3 және Первоймай, 2 көшесінде бір тоғыз қабатты үй салынып жатыр. «Основание» компаниясы мұнда жұмысты былтыр шілде айында бастаған.

«Уәлиханов көшесінің бойында екі 72 пәтерлік және бір 126 пәтерлік тұрғын үйді салып жатырмыз. 72 пәтерлік баспананың жалпы ауданы – 2,5 мың шаршы метр. 1,2,3 пәтерлі болады. Аудандары 71, 54 және 39-42 шаршы метр. Толық абаттандырамыз, яғни балалар алаңын, көлік тұрақтарын саламыз. Қалған екі нысанда жұмыстар аяқталуға жақын», - ЖШС директорының орынбасары Роман Тыртышный.

Бұл жерде кезінде қабырғасы жартылай жерге кірген ескі жеке үйлер болған. Олардың барлығы сырылды. Орнына салынып жатқан үш үй биыл жазда пайдалануға берілмек.

Құрылыс алаңында 10 техника, 40-50 жұмысшы жүр. Қыста атқаруға болатын жұмыстар: кірпіш қалау, электрмонтаждау жүргізіліп жатыр.

«Құрылысты осы жылдың шілде айына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мамандар жеткілікті, құрылыс материалы бар, барлығы отандық өнім. Блоктарды, есік-терезелерді өзіміз шығарамыз. Цехтарымыз жұмыс істейді. Бұдан басқа да салып жатқан үйлеріміз бар. Петропавлдың «Жас өркен» шағын ауданында 18 қабатты екі үйді, Береке ауданында 100 пәтерлі үйді тұрғызып жатырмыз», - дейді Роман Тыртышный.

Мамандардың айтуынша, салынып жатқан көп қабатты үйлердің барлығы да ипотекалық несиеге «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында берілмек. Жалпы алдағы 5 жылда облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалардың аясында 90-ға жуық көп қабатты үй салынады. Сонымен қатар оңтүстіктен көшіп келетін азаматтарға 1500-ге жуық жеке баспана тұрғызу көзделген.

Петропавлда жаңа көп қабатты тұрғын үйлерді тұрғызу үшін 2017 жылдан бері 1700-ге жуық ескі жеке баспаналар сүрілді. Нәтижесінде 4800 адам тұрғын үй жағдайын жақсартты.