Петропавлда салынып жатқан спорт сарайы 2 млрд. теңгеге түседі (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда салынып жатқан жаңа заманауи спорт сарайының құрылысына 2 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Онда мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі және спорт залдары орналасады.

Петропавлда салынып жатқан спорт сарайы 2 млрд. теңгеге түседі (ФОТО)

Қазіргі кезде құрылысшылар металл құрастырмаларын орнатуда. Нысанда 60 адам - басқа өңірлерде мұз айдыны құрылысымен айналысқан елордалық «Вилена» компаниясының қызметкерлері еңбек етуде.

Нысанды толық күйінде тапсыру жоспарлануда, құрылысшылар ғимаратты салумен қатар, оның ішін де жайластырады, мұз жасау үшін қажетті техниканы сатып алады.

«Биылғы жыл 1 млрд. теңгеден астам қаржыны игермекпіз. Біздермен Мәскеуден жеткізуші жұмыс жасауда. Қарашаның ортасына дейін біз барлық металл құрастырмаларын орнатамыз және оны панельдермен және витраждармен жабуды бастаймыз». - деді «Вилена» ЖШС учаскесінің бастығы Азамат Анафин.

Мұз айдынының ауданы 2600 шаршы метр болмақшы. Онда халықаралық деңгейдегі хоккей жарыстарын ұйымдастыруға болады. Екіқабатты ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. «Мұз айдыны аренасында мың отыратын орын, жеңіл атлетика манежі, жекпе-жек күресі, бокс, күрес және жаттығу залдары, гимнастика залы көзделген. Оны іске қосқаннан кейін бізде әзірше көп дамымаған шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей сияқты спорт түрлеріне арналған орындар ашамыз», - деді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Азат Омаров.

Солтүстікқазақстандықтар келесі жылдың өзінде жабық мұз айдынын байқап көретін болады. Мердігерлер нысанды 2015 жылғы тамызда ісқе қосуды жоспарлап отыр.