Петропавлда сауда үйі өртеніп, 250 адам эвакуацияланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Магнум» супермаркеті орналасқан ғимаратта өрт шығып, 250 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда сауда үйі өртеніп, 250 адам эвакуацияланды

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10.44-те «101» нөміріне Петропавлдағы С.Мұқанов, 53 мекенжайында орналасқан сауда орталығында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Телефон соққан адам бірінші қабаттағы бутиктердің бірінің жанып жатқанын айтқан.

«Бұл сауда үйі халық көп баратын нысан болғандықтан, оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жоғары дәрежелі шақырту бойынша аттанды. Алғашқы өрт сөндіру машиналары 3 минуттың ішінде жетті. Сағат 11.28 минут кеткенде жалын ауыздықталып, жарты сағаттан кейін толық сөндірілді. Өрт шалған аумақ 30 шаршы метр шамасында», - делінген департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ғимараттан 250 адамды эвакуациялауға тура келді. Мамандардың айтуынша, қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ.

Әзірге өрттің неден шыққаны, сондай-ақ келген шығын мөлшері де белгісіз.

«Өртті сөндіруге жеке құрамнан 41 адам және 13 арнайы техника жұмылдырылды. Оқиға орнында мамандар әлі де жұмыс істеп жатыр. Өрт бірінші қабаттағы киім-кешек сататын бутиктен шыққан. Қалғандарына зақым келген жоқ. Ғимараттан шығарылған адамдардың бір бөлігі екі «вахтовка» көлігіне орналастырылды. Кейбіріне департаменттің психологтарының көмегі қажет болды», - деді Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әділ Спаен.

Әзірге өрттің неден шыққаны, сондай-ақ келген шығын мөлшері де белгісіз.


Фото: СҚО ТЖД