Петропавлда сауна өртенді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда сауна өртеніп, жалын 500 шаршы метр аумақты жалмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда сауна өртенді

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Орал Әбдірахмановтың айтуынша, 101 пультіне сағат 00.53 минут кеткенде Петропавлдағы Амангелді көшесіндегі 148 үйде өрт шыққандығы жөнінде хабарлама түскен.

    «Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер аттанады. Мамандар келген кезде екі қабатты ғимарат жалынға оранып үлгерген екен. Қалың түтін болған. Өрттің таралуына байланысты жоғары нөмір бойынша Петропавлдың барлық өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылды.

    Өртті сөндіру кезінде бірқатар қиындық болды. Нысанға апарар жол шектелген, ғимараттың қасында басқа нысандар болды», - дейді Орал Әбдірахманов.

    Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында бұрын «Елім-ай» мейманханасы орналасса, қазір сауна болып қайта ашылған. Екінші қабатта кеңселер болған.

    «Өрт 500 шаршы метр аумақта шыққан. Қазіргі таңда оқиға орнында зертхана қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебін анықтайды. Алдын ала болжам бойынша, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

    Материалдық шығын анықталып жатыр. Ғимараттың шатырының бір бөлігі, қабырғалары, екінші қабатта орналасқан жиһаз бен тұрмыстық техника жанып кетті», - дейді департамент басшысының орынбасары.

    Саунадағы өртті сөндіруге жеке құрамнан 87 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Өрт тек таңғы сағат 5.00 шамасында ғана толық сөндірілді.

    Жалпы жыл басынан СҚО-да 419 өрт тіркелді. Салдарынан 36 адам мерт болды.

    Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына негізгі себептер - электр сымдарын монтаждау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, екіншісі - халықтың отты абайсыз қолдануы.