Петропавлда саяжайдағы үйлері суға кеткендер де біржолғы төлем алатын болды

Су тасқыны
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда су тасқыны кезінде 34 бау-бақша қоғамдастығы су астында қалды. Енді учаскелерінде үйлері бар саяжай иелеріне біржолғы төлем берілмек.

Зардап шеккен саяжай учаскелерінің иелері 100 АЕК мөлшерінде – 370 мың теңге алады.
Петропавл тұрғыны Ирина Купинаның «Звездочка» бау-бақша қоғамдастығында саяжай учаскесі бар. Биыл ол суға кетті. Тасқын учаскеде тұрған екі қабатты үйдің екінші қабатына дейін көтерілген.

«2017 жылы су тасқыны болғанда үйімізге кірген судың биіктігі 1,5 метрге дейін жетті. Теледидар, тоңазытқышымыз, үйдегі жиһаздың барлығы жарамсыз болып қалды. Сол жолғыдан есімізді әлі жинап үлгермеген едік. 

Бұл жолы су келе жатыр деп ескертті. Бірақ дәл мұнша көтеріледі деп ойлаған жоқпыз. Заттарды екінші қабатқа шығардық. Бірақ су онда да жетті. Монша, қора-қопсы – судан көрінбей қалды. Құрылыс материалдарын алып қойып едік», - дейді Петропавл тұрғыны. 

Саяжай учаскесі әлі суда тұр. Иринаның айтуынша, осыдан жеті жыл бұрынғы су тасқыны кезінде жеміс ағаштары, еккен көпжылдық гүлдері, жидектері – бәрі шіріп кеткен. 

«Сол жылғы тасқыннан кейін бақшамен айналыспаймын деп едім, бірақ уақыт өте келе бәрін ұмытасың ғой. Былтырлары жаңадан жеміс ағаштарын, шыршалар, гортензия гүлдерін әкеліп отырғызып едік. Оның өзі қаншама қаражат қой! Шығын шаш-етектен. Аз да болса шығынымызды өтейтінін естіп, көңіліміз көтерілді», - дейді Ирина Купина. 

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 6597 саяжай учаскесі су астында қалды, оның 700-ден астамы иесіз. Біржолғы көмекті саяжай учаскесінде үйі бар 3031 тұрғын алмақ. 

Бұған дейін ШҚО-дағы Алтай ауданында аулалардан су сорылып, жағдайдың қалыпқа келе бастағанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram