Петропавлда шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, ұлттық өнер ұлықталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық өнер дәріптеліп, жастар арасында дәстүрлі ән айту мен күй тартудан, түрлі қолданбалы өнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерекше жобаны ұйымдастырушы – Петропавл қалалық мәдениет үйі. Өнерпаздар Наурыз мейрамы қарсаңында жастардың басын қосып, өнердің түрлі саласынан ақпарат берді. Іс-шараға келген оқу орындарының оқушылары мен студенттері қызықты мәлімет алып қана қоймай, шеберлік сағаттарына да қатысты.
Мәселен Петропавлдағы өнер колледжі студенттері қазақтың ұлттық киімдерінің көрмесін тамашалады. Әр киімнің қандай мақсатта киілгенінен хабардар болды.
«Ұлттық киім тақырыбы біз үшін өте қызық. Қазақстанда тұрған соң, қазақ халқының салт-дәстүрін білуге тиіспіз. Бүгін бізге сәукелені кімдердің және қашан кигенін айтты. Бұл өте әдемі бас киім. Қыздар оны өмірінде бірақ рет, күйеуге шыққан кезде ғана киген екен. Оны тіпті басқа біреуге беруге, сыйлауға болмайды екен. Сондай-ақ қазақ қыздары атпен шапқандықтан көйлек астынан жұқа шалбар кигені туралы да білдік», - дейді колледж студенті Мария Лырчикова.
Ал келесі кабинетте Петропавл теміржол көлігі колледжінің студенттері қуыршақ театрынның актерінен дәріс алды. Жастар қуыршақтарды ойнатып, қысқа қойылым қойды.
Домбыра үйренем деушілерге көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы, дәстүрлі әнші Еркебұлан Қарипов сабақ берді. Ақан Сері атындағы облыстық филармонияның әншісі қалалық мәдениет үйінде Үкілі Ыбырай атындағы дәстүрлі ән сыныбын да ашқан.
Жалпы қаңтар айынан бері Петропавл қалалық мәдениет үйінде әдеби-көркемдік, халық музыкалық аспаптар, домбыра, сазсырнай үйірмелері жұмысын бастады. Олар келем деушілерге тегін жұмыс істейді.